Ақтөбе қоқыс қалаға айналды

Ақтөбе - еліміздің батыс өңіріндегі ірі қала. Алайда қалада қордаланған мәселелер көп. Субұрқақтар істемейді, арықтар тазартылмайды. Және ең өзекті мәселе - тұрмыстық қалдық. Тұрғындар қоқыстың апталап алынбайтынына наразы. Massaget.kz тілшісі қаланың кейбір көріністерінен фоторепортаж жасады.

Соңғы жылдары қалада тұрмыстық қалдықтар шығару мәселесі бір шешімін таппай келеді. Тұрғындар қысы-жазы қоқыстың уақытында алынбайтынына наразы. Мәселен, Байғанин, Кереев, Ломоносов, Алтынсарин көшелерінің бойындағы контейнерлер қалдыққа лық толып, сыртына дейін шашылып жатыр. Бұл қысы-жазы, күнде болатын көрініс.

 

 Байғанин көшесінде әр талдың түбінде қалдық толған қапшықтар тау болып үйіліп тұр. Қаланың жаңадан салынып жатқан Батыс-2 ауданындағы кейбір үйлердің де аумақтарынан қоқысқа көмілген контейнерлерді көресің.

 

Ал жеке үйлері көп  Ақжар-2 ауданының тұрғындары қоқысты өздері шығарып отыр. 

 Осы аумақтың тұрғыны Айдын Ғалым қалдық шығаратын мекемелерден күдерін үзгенін айтады.

"Қазір қоқысты ешкім алмайды. Амал жоқ жеке көлік иелеріне ақысын беріп, сыртқа шығарып отырмыз. Бұлай жасамасақ үйдің алды қоқыстан тауға айналады" - дейді Айдын.

 Ал қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қатты тұрмыстық қалдықтар шығаратын үш компанияның біреуі, яғни "Клин сити" ЖШС тамыз айынан бастап жұмысын мүлде тоқтатады.

Қазір аталған серіктестікке тиесілі аумақтардағы қоқысты аудан әкімдіктері мердігерлердің көмегімен шығаруды ұйымдастырып отыр. Бұл - тығырықтан шығу үшін уақытша қабылданған шара. 

 Мәселені шешу үшін қалада "СПК Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында "АТК қызмет" коммуналдық кәсіпорны құрылады. 

 Бұл кәсіпорын тамыз айында жұмысын бастайды екен. Жаңадан 54 техника алынады деп күтіліп отыр. Дегенмен қаладағы қоқыс мәселесінің онымен шешілеріне күмән көп.

 

 Ең болмаса қалаға көрік беретін фонтандар да жаздайлыққа жұмыс істемейді. Батыстағы ірі қаланың бірінің бүгінгі жағдайы осындай.

Кәмшат Сексенбайқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!