- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе халқы ауызсумен...
Ақтөбе халқы ауызсумен үш жылда толық қамтылады
Ақтөбе облысының халқы 2025 жылға дейін сапалы ауызсумен толық қамтылады. Аймақ басшылығы бұл шаруаның мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін екенін де алға тартып отыр. Бұл жайлы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың аймаққа жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Аймақ басшысы Темір ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып қайтты. Жұмыс сапары барысында "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық" тас жолының құрылысымен танысып, жолдың сапасын жақсарту, дұрыстап жөндеу бойынша тапсырмалар берді. Темір ауданына қарасты Қалмаққырған ауылында сумен жабдықтау нысанын іске қосуға қатысты. Ауылға 7,9 шақырымға созылған су құбыры тартылған. Оған мемлекеттік бюджеттен 278 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Ауылда 70-ке жуық шаңырақ, 400-ден астам адам тұрады. Орталықтандырылған су жүйесіне ауылдағы үйдің барлығы қосылды. Сондай-ақ амбулаториялық пунктіге де су тартылған екен.
Облыс әкімі инфрақұрылым нысанын іске қосу салтанатында ауыл тұрғындарына арналған сөзінде Ақтөбе облысының 2025 жылға дейін 100% қамтылатынын айтты. Әрі Президенттің халықты сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалатынын да атап өтті.
Ақтөбе облысы әкімдігінің берген ақпараты бойынша, бүгінде Темір ауданы халқының 96,7%-ы орталықтандырылған сумен, 91,7%-ы газбен қамтамасыз етілген. Ауылдық елді мекендерді газбен және сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Өңір басшысы жұмыс сапары барысында "Ақтөбе-Атырау" автожолында салынған көпір құрылысын қарап, Тасқопа ауылына кіреберіс 33 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігердің жоспарынша, жол үш аймаққа бөлініп жөндеуі 3 жылда аяқталмақ. Қазір жолға тас төсау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қ. Слямбек