Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында бес адамды күйік шалды. Балқыту пешіндегі жалын жұмысшылардың беті мен қолын шарпыған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ферроқорытпа зауытындағы кен қыздыратын қазандықта от шашыраған. Ұшқын төрт жұмысшының қолын күйдірген. Ал жалынан 42 жастағы тағы бір азаматтың беті мен білегі күйген, бірақ дәрігерлер оның "жарақаты жеңіл болған соң үйіне қайтардық" деп отыр.
Зауыттың медбикесі жұмысшылардың жарақатын таңып, жедел жәрдем шақырған. Өндіріс орнында болған оқиғаға қатысты тексеру жүріп жатыр.
"Күйік алған науқастарды жеткізді. Сол жерде жарылыс болып, жұмыс кезінде бесеуі келді. Оның біреуі амбулаторияға жіберілді, жарақаты аз болғаннан кейін. Қалған төртеуін жарақаттан емдеу бөлімшесіне жатқыздық. Жағдайы орташа ауыр. Ем-дом алып жатыр", - деді Ақтөбе облысы жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Нұрлан Әбішев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!