- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтөбе әкімінің бұрынғы...
Ақтөбе әкімінің бұрынғы орынбасары сотта ақталып шықты
Ақтөбе әкімінің бұрынғы орынбасары мен тағы төрт айыпталушы қаланы жаңажылдық безендіруге бөлінген бюджет қаржысын жымқырмағанын сотта дәлелдеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, апелляциялық инстанция бес айыпталушыны ақтап, оларға заңсыз қылмыстық қудалаудан келтірілген залалды өтеу құқығын қалдырған.
Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық сатысында бюджет қаражатын жымқыру бойынша даулы іс қаралған. Ақтөбе қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Жангелді Әубәкіров пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовты, сондай-ақ серіктестіктің үш қызметкерін сот алқасы жаңа жылдық безендіруге арналған 90 миллион бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша ақтады.
Сот айыптаушы тараптың олардың кінәсін дәлелдемегенін, қала шынымен де безендірілгенін анықтады. Бұл деректі сотта қаланың бұрынғы әкімі Мавр Абдуллин де растады. Ол қаланы безендіруге қатысты барлық шаралардан, яғни, кіммен келісімшарт жасалғаны, бюджеттік қаражаттың қайдан, қайда жұмсалғанынан хабардар екенін жеткізген.
Әубәкіров пен тағы төрт айыпталушыға өздерінің қылмыс жасамағанын дәлелдеу үшін екі жылдан астам уақыт қажет болды. Сотта ақталғандардың моральдық зиянды өтету құқығы бар екені айтылды.
Г. Досымшалова