Активтерді қайтару процесі неге құпия жүріп жатыр - Мәжіліс депутаты жауап берді

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында заңсыз активтерді елге қайтару процесінің қазіргі жағдайы туралы пікір білдірді.

Тілші қойған "Заңсыз активтерді қайтару процесінде қандай кедергілер бар? Бұл бағыттағы жұмысқа берер бағаңыз қандай?" деген сұраққа депутат былай деді:

"Осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы көтерген кезде, үлкен үміт болды. Бірақ қазір қарқын бәсеңдеді. Бұл – Парламенттің емес, тиісті уәкілетті органдардың жұмысы. Қазір активтерді қайтару процесі жабық режимде жүріп жатыр. Біз, депутаттар, не болып жатқаны туралы ашық ақпарат ала алмай отырмыз. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, екі жылда қайтарылған сома – 2 триллион теңге. Соңғы алты айда бұл көрсеткіш өзгерген жоқ", – деді ол.


Бәпидің айтуынша, екі жылда 2 трлн теңге – бұл жеткіліксіз нәтиже. Ол қазіргі жүйеде тек мемлекет пен тұлғалар арасындағы келісім негізінде қайтару жүргізіліп жатқанын айтады.

"Үлкен сомалар қайтарылды деген нақты дерек жоқ. Біз әзірге өз ішіміздегі есеп-қисаппен ғана айналысып отырмыз. Құпия жүріп жатқан процесстің ішінде қандай да бір жүйелі жұмыс бар екені бізге беймәлім. Бұл тек бізге емес, қоғамға да белгісіз. Бастама көтерген Президент болғандықтан, оған жеке есеп беріліп жатқан болар. Егер көңілі толмаса, әлдеқашан тиісті органдарға шара қолданар еді. Қазіргі сабырынан, процестің кемінде формалды түрде жүріп жатқанын болжауға болады. Бірақ мен әлі де бір күні Президент бұл тақырыпқа ашық араласады деп үміттенемін", – деді депутат.

Сұхбат барысында депутатқа олигархтарға қатысты заңнаманың әділеттілігі жөнінде де сұрақ қойылды. "Заңсыз активтері бар тұлғалардың деректері құпия қалатыны қаншалықты әділетті?" деп сұрады. 

"Жылыстатылған активтер тек ақша емес, олар заттай – бағалы металл, кәсіпорын, акция түрінде болуы мүмкін. Бұл — ұранмен шешілетін шаруа емес. Күнделікті жүйелі, заң шеңберінде атқарылатын жұмыс. Бірақ олигархтар тақырыбына келсек, кезінде Президенттің өзі "ел байлығының тең жартысын 162 адам иеленіп отыр» деді. Демек, сол 162 адамның мәселесін қарастыру қиын емес. Бірақ бұның да өз критерийлері бар болар. Ең бастысы — халықтың үмітін ақтау", – деді Ермұрат Бәпи.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!