Мемлекет басшысы бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Берік Асылов Президентке маңызды мәліметтер айтты:
- еліміздегі заңдылықтың жай-күйі және қадағалау қызметінің басым бағыттарына қатысты жүргізілген жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берді;
- құқықтық көмек көрсету және шетелде жасырынған қылмыскерлерді іздестіру жөніндегі халықаралық ынтымақтастықтың нәтижелерін баяндады. Бірқатар резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша күдіктілер ұсталып, сот төрелігін жүзеге асыру үшін Қазақстанға қайтарылған;
- активтерді қайтару мәселесі бойынша Еуропа Кеңесі, Интерпол, ЭЫДҰ және ЕҚЫҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдармен өзара түсіністікке қолжеткізілгені жайында мәлімет берді;
- ел экономикасына 2,7 триллион теңге салған 220 инвесторға құқықтық көмек көрсетілгенін айтты. Бұл жұмыстың нәтижесінде инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімі арта түскен;
- еліміздегі криминогендік ахуал және қылмыстық-құқық саласындағы азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде заңдылықты одан әрі нығайту және азаматтарды, соның ішінде кәсіпкерлерді қылмыстық элементтерден қорғау шараларын қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларға қатысты уәкілетті органдардың шешімдері бойынша "прокурорлық сүзгіні" тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Осы орайда Президент осы органдардың тартылатын инвестиция туралы деректерінің дұрыстығына бақылауды және жауапкершілікті күшейту қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ, шетелге заңсыз шығарылған активтерді іздеуге және қайтаруға бағытталған заманауи технологияларды кеңінен қолдану керек екенін мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!