Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қандай үкім шыққаны белгілі болды

Танымал актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қандай үкім шыққаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот қандай үкім шығарды?

Бұл туралы актердің бұрынғы жұбайы Фариза Алмазқызының адвокаты мәлімдеді. Алматы облысының Қарасай аудандық сотында Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкімі жарияланған.

"Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеледі. Сонымен қатар, сот үкімімен оған 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде сөз сөйлеуге тыйым салынды", - деді адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына 5 000 000 теңге өндірілген.

"Сот үкімі жарияланғаннан кейін Нұрсұлтан Жақсыген тікелей сот залында қамауға алынды", - деп жазды адвокат.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Актердің бұрынғы жұбайы не дейді?

Фариза Алмазқызы әлеуметтік желідегі парақшасында сот үкімі шыққанын растап, осы жайтқа қатысты пікір білдірді.

"Намысым қорғалып, ақталып шыққаныма қуанып тұрмын. Үстімнен ауыр жүк түскендей болды, жеңілдеп қалдым", - деді ол.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, бұған дейін актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. Біраз уақыттан бері актер Нұрсұлтан Жақсыген мен оның бұрынғы жұбайының арасындағы дау әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Фариза Алмазқызы бұрынғы жұбайын ар-намысқа тиетін сөздер айтып, қорлады деп айыптады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз