- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Актер Мұрат Бисембин:...
Актер Мұрат Бисембин: “Ашқарынға энергетик пен кола ішу қатерлі ісікке әкелуі мүмкін“
Қатерлі аурумен күресіп жатқан танымал актер Мұрат Бисембин денсаулыққа зиян сусындардың жаман ауруға әкеліп соқтыруы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында сөз қозғады.
Актердің айтуынша, аурудың алғашқы белгісі салмақ жинай алмау болыпты.
"Алты жылдан бері спортпен айналысамын, ашығу режимін ұстанамын. Бірақ салмағым сол күйі. Әуелі мұны әйелім байқап, дабыл қақты. Егер асқазаныңызда ешқандай мәселе болмаса жиі ашығып тұрған дұрыс қой. Одан қорқудың қажеті жоқ. Одан кейін алты жыл бойы ашқарынға энергетик сусын іштім. Сосын қантсыз коланы таңертеңнен кешке дейін ішіп жүрдім. Осылар менің тәбетімді тежейді деп ойладым. Себебі қанша тамақ ішіп, спортпен айналыссам да, салмақ қоса алмай қойдым. Менің диагнозымның ең бірінші белгісі - салмақ жинай алмай қалу екен. Алайда аталған сусындар менің денсаулығыма зиянын тигізді. Қатерлі ісікке шалдығуымның бірден-бір себебі де осы зиянды сусындар болуы мүмкін деп ойлаймын", - деді Мұрат Бисембин сұхбатында.
Актер денсаулығына салғырт қарағаны үшін өкінетінін айтып, халықты ауырмаса да тексерістен өтіп тұруға шақырды.
"Жыл сайын бір рет чекаптан өтіп тұру керек. Қазір түрлі жарнамалары да шығып жатыр ғой. Қолыңызға ақша түссе, бірден чекап жасатып алыңыз. Ертең не ішемін, қалай күн көремін деп ойламай-ақ қойыңыз. Әрі кетсе мың доллар жұмсайтын шығарсыз. Соның арқасында кемінде бір сырқатыңыз дер кезінде анықталады. Бұл нәрсе тек қатерлі ісікке қатысты емес. Мүмкін терапиялық ем қолданып, енді ғана білініп келе жатқан сырқаттың алдын алуыңыз мүмкін. Мен чекаптан өтпедім. Сол баяғы қазақшылыққа салынып, еш жерім ауырмайды ғой деп жүре бердім. Кейін денсаулығыма салғырт қарағаным үшін қатты өкіндім", - деді ол.
Еске салайық, қатерлі ісікке шалдыққан қазақстандық киножұлдыз, көпшілікке "Рэкетир" фильмі арқылы танылған актер Мұрат Бисембин сұхбат беріп, ауыр дертпен қалай күресіп жатқаны туралы айтқан болатын. Ол химиотерапиядан бас тартып, қазір емдеудің басқа түріне көшкен.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева