- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- актер мен актриса
Актер Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарованың ажырасқаны рас па?
Әлеуметтік желіде сериал арқылы сыңарын тапқан жұп актер Ермек Тұрғанбек пен актриса, "Қазақ аруы-2020" байқауының жеңімпазы Нарқыз Айдарованың ажырасқаны туралы ақпарат тарады. Жұрттың назарын аударған әңгіменің рас-өтірігіне актер Ермек Тұрғанбек өзі жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол XVII Евразия халықаралық кинофестивалінде тілшімізге берген сұхбатында айтты.
"Бізде бәрі жақсы"
Желі қолданушылары актер Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарованың отбасылық өміріне алаңдаушылық білдірді. Актерлер Instagram желісінде бірге түскен суреттерін өшіріп, бір-бірін парақшаларынан алып тастаған. Ермек Тұрғанбек бұл жағдайды ешқандай ажырасумен байланыстырмады.
"Бізде бәрі жақсы. Көбі желідегі суреттер жоқ болса екеуі бірге тұрып жатқан жоқ па деп ойлап жатады. Ол нәрсеге бір жағдайлар себеп болды. Бірақ отбасылық арақатынасымызға еш қатысы жоқ. Жұмыс бойынша осылай істеуге тура келді. Бірге тұрып жатырмыз. Отбасымызда бәрі жақсы. Ұлымыз да өсіп жатыр, бұйырса ақпан айында үшке толады. Дайындалып жатырмыз. Нарқыздың шығармашылық өміріне жары ретінде де, продюсер ретінде де қолдау білдіріп жатырмын. "Заманback" фильміне түскен болатын. Қазір жақсы касса жинап жатыр. Бірге қуанып, тілектес болып отырамын", - деді ол журналист сауалына.
Махаббат сахналарына көзқарасы қалай?
Жуырда танымал болған "Заманback" фильмінде ойнаған Нарқыз Айдарованың алдағы уақытта махаббат сахналары көрсетілетін фильмдерге түсуіне Ермек Тұрғанбек қалай қарайтыны жайлы айтты.
"Махаббат сахналары әртүрлі болады ғой. Бастысы - шектен шықпау. Бұл біздің отбасымызда әлдеқашан шешіліп қойған мәселе. Егер махаббат сахнасын әдемі қылып көрсететін болса, қарсылығым жоқ. Мысалы, "Заманback" фильмінде Рамазан Амантай екеуінің арасындағы махаббат көрсетіледі. Бірақ ол жерде ешқандай шектен шығу болмаған. Сол себепті әу бастан қарсылығым жоқ. Қолдауға тырысамын", - деп қосты ол.
Айта кетейік, 2021 жылы Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова Ә.Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романының желісімен түсірілген сериалынан кейін өмірдегі ғашықтарға айналып, отбасын құрған болатын. Қазір актерлер отбасының бір ұлы бар. Нарқыз Айдарова "Қазақ аруы-2020" байқауының жеңімпазы атанған болатын. Ал Ермек Тұрғанбек ел арасында "Бір тоқсан" сериалы арқылы танылған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин