Ақтаулықтар қалада көгершіндерге ескерткіш орнатуды ұсынды

Ақтау тұрғындары қалада көгершіндерге ескерткіш орнатуды ұсынды. Олар бұл ескерткішті 12-шағынаудандағы ескі шағын сәулет нысанының орнына қоюды ұсынып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтаулықтар бұл бастама туралы әлеуметтік желілерде жазды. Олардың пікірінше, көгершіндер Маңғыстау облысының алғашқы геолог-барлаушыларына арналған аллеяның ажырамас бөлігіне айналған.

Олар билікке 12-шағынаудандағы ескі "Тостаған" атты шағын сәулет нысанын көгершіндерге арналған ескерткішпен ауыстыру туралы бастама көтеріп, үндеу жолдады.

Көптеген ақтаулық бұл жерге балаларымен бірге демалып, құстарды тамақтандыру үшін келеді. Тұрғындардың айтуынша, ескерткіш тек қаланың көркем безендірілуіне айналып қоймай, туристер мен тұрғындар үшін жаңа тартымды орын болар еді.

Қала тұрғындары бұл жоба жүзеге асса, көгершіндерге арналған ескерткіш бірегей арт-нысанға әрі табиғатқа жанашырлық танытудың белгісіне айналатынын атап өтті.

Басылым журналистері тұрғындардың бұл ұсынысы қарала ма деген сауалмен әкімдікке жүгінген. Ведомство өкілдері жауапты кейінірек беруге уәде етті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!