80 жастағы ақтаулық зейнеткер Көркембай Алданиязов Мәскеудің Губкин атындағы мұнай-газ университетінде ғылыми диссертациясын өте жақсы деген бағамен қорғап, "Экономика ғылымдарының докторы" атағына ие болды. Өзінің ғылыми жұмысымен ақсақал 10 жылдан бері айналысқан. Ақсақалдың жасының үлкен болғанына қарамастан, бұл ұмтылысы Ресей ғалымдарын қатты таңғалдырды, − деп хабарлайды "Хабар" телеарнасы.
Ғұмырын мұнай саласына арнаған зейнеткер жүзге жуық ғылыми мақаланың авторы екен. Қария жастайынан Маңғыстау облысындағы оқу орындарында дәрістер оқыған. Бүгінге дейін ол Маңғыстау облыстық гуманитарлық-техникалық университеттің профессоры. Оның ғылыми еңбектері облыстың мұнай саласын оқытатын оқу орындарында кеңінен қолданылады. Үш баладан сегіз немере мен екі шөбере сүйіп отырған Көркембай Назарұлының ендігі мақсаты−- өзі жазған оқу құралдарын қазақ тіліне аудару.
"Немерелерім менің атам ғалым болған, кітаптар шығарған деп айта алады. Енді мен зейнетке шығуым керек, бірақ әлі күнге дейін осы ғылыми дәрежемнің арқасында қызмет етіп келемін. Денсаулық сыр бермесе, әрі қарай жұмыс істей беремін. Қоғамға да, өзіме де пайдасы тиеді", − дейді экономика ғылымының докторы.
Дереккөз: tengrinews.kz
Ақтаулық