Ақтаулық оқушылар сары құмырсқаның емдік қасиеті барын анықтады. Жеткіншектер термиттерді екі жыл зерттеген. Жәндіктердің илеуінен алынған топырақты қыздыру арқылы адамның буын ауруларын емдеуге болатынына көз жеткізіпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Осы бағытта ғылыми жоба жазған дарынды балалар облыстық байқауда жеңімпаз атанды.
Ибаш Жанболатова атындағы мектептің оқушылары гидропоника тәсілімен, яғни топырақсыз өсімдік өсірумен де шұғылданады. Сары құмырсқа Маңғыстаудың барлық елді мекенінде кездеседі. Жәндіктердің илеуі әсіресе далалық алқапта көзге анық түседі. Оқушылар қала сыртынан бірнеше ұяшықты тауып, зерттеу жүргізген.
"Термиттердің денесінен бөлінетін биоматериал топырақты өңдеп, емдік қасиетін арттырады. Илеуден алынған балшықты қыздырса, науқас бойындағы суықты алады. Бірнеше метр тереңдікте саңырауқұлақ өсіретінін де көп адам біле бермейді", - дейді оқушылар.
"Оларды ғалымдар жасанды түрде өсіргісі келген еді, бірақ оны дәл сондай қылып өздері өсіре алмаған. Оған өзіміз таңғалдық. Себебі сары құмырсқа мен саңырауқұлақтардың былай қарасаң, ортақ жағы жоқ. Мұны олар өздері өсіреді және сонымен қоректене алады", - дейді оқушы Аружан Сайын.
"Бұл суреттегі кісі менің анам. Ол кісінің буындарында сәл сырқаты бар. 10 күндік курс есебінде термиттердің топырағын жылы күйінде күнде кешкі мезгілде аяғына басу арқылы және бұл емді жасаған кезде міндетті түрде сақтанып, күтініп жүру керек. Топырақты аяққа басқан кезде өте жағымды, әсері жақсы мен мұнымен тоқтап қалмаймын, үнемі қолданымын деген кері байланыстарын естідік", - дейді биология пәнінің мұғалімі Гүлжамал Мырзабайқызы.
Ал тағы бір оқушылар гидропоника тәсілімен аскөк, салат, қызанақ тұқымын зертханалық жағдайда егіп, жайқалтып шығарды. Мектеп басшылығы бұл жобаны құптап, арнайы жабдықты алып беріпті. Дарынды балалар басқа да көкөністі осы әдіспен өсіріп, жылыжайға немесе егістікке көшіруді жоспарлап отыр.
"Мұны ауыл шаруашылығында, үй жұмысында, тұрмыс жағдайында және сонымен қатар ғарыштық зерттеулер жүйесінде қолдануға болады. Жалпы осы гидропоника жобасы Маңғыстау өңірінде кеңінен дамығаны дұрыс деп ойлаймын. Климатына қарай және құрғақшылық мәселесі болғандықтан, осы гидропоника саласын дамыту қажет", - дейді оқушы Алина Сәтімова.
Ізденімпаз оқушылардың жобалары қалалық, облыстық байқауларда топ жарған. Жас ғалымдар келер жылы республикалық, халықаралық білім сайысында бағын сынап көрмек. Қазір соған қызу дайындық жүріп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!