Ақтаулық оқушылар арты өлімге әкеп соғуы мүмкін қауіпті ойын ойнаған

Ақтауда 7-сынып оқушылары қауіпті ойын ойнаған. Әлеуметтік желілерде тарап кеткен видео көпшіліктің үрейін ұшырды. Кадрларда бірнеше қыз оқушының кеуде тұсын қысып, салдарынан бірі есінен танып қалған сәті көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл видео 21 сәуірде Instagram желісінде жарияланған. Кадр қала мектептерінің бірінде түсірілгені белгілі болды. Желі қолданушылары оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, жауаптылардан нақты шаралар қабылдауды талап еткен.

Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқиға 18 сәуірде Ақтаудағы мектептердің бірінде болған.

"Мектептің қыздар дәретханасында 7-сынып оқушылары қатысқан қауіпті физикалық әрекет тіркелді. Қазір жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектеп психологтары да тартылды. Бұл іс кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында қаралады. Сонымен қатар, білім бөлімі мектеп директорына қатысты тәртіптік шара қолданды", - деді ведомство өкілі.

Басылым мәліметінше, оқушылар ойнаған "собачий кайф" деп аталатын бұл ойын – кейінгі жылдары әлем бойынша тарап жатқан аса қауіпті ойын. Бар болғаны 10-20 секунд ішінде адам есінен танып қалуы мүмкін. Ал оттегі жетіспеушілігі (гипоксия) мидың жұмысын бұзып, ауыр неврологиялық салдарға, тіпті арты өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!