• 521.83
  • 490.7
  • 5.23

Ақтаулық қыздың жантүршігерлік өлімі: сот отырысы тағы шегерілді

Ақтаулық қыздың жантүршігерлік өлімі: сот отырысы тағы шегерілді
Фото: ©️ instagram.com/ztb_kz

Ақтаулық Алина есімді қыздың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тағы да шегерілді. Өйткені айыпталушылардың бірі адвокатынан бас тартқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Апелляциялық істі қарау 27 қаңтарда БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз, қайтадан жабық режимде өткізілді. Сот залына марқұмның отбасы, жақындары мен достары келген.

Алайда біраз уақыттан кейін марқұмның інісі Бауыржан Жолжан сот залынан шығып, отырыс 30 қаңтарға ауыстырылғанын мәлімдеген. Сот отырысына қатысушылар сотталғандардың бірі адвокатынан бас тартқаннан кейін осындай шешімге келген. Ол жаңа қорғаушымен қамтамасыз етілуі керек.

Айта кетейік, бұған дейін де ақтаулық қыздың өліміне қатысты сот шегерілді. 

Оқиға қалай болған?

Былтыр мамырда қыз өзіне-өзі қол жұмсаған. Қайғылы жағдайға дейін бірнеше күн бұрын ол ауыр қылмыстың құрбаны болған. Мефедрон қолданған бейтаныс ер адамдар оған шабуыл жасап, ұрлап әкетіп, соққыға жыққан, кейін зорлап, екі миллион теңге көлемінде несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.

Марқұмның туыстары не дейді?

Алина спортшы болған, фитнес жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Ол өз жұмысын жақсы көріп, спорттық шаралар мен марафондарға жиі қатысқан.

"14 мамырда ол жұмыстан кейін үйге жалғыз қайтып келе жатқан. Сол уақытта бейтаныс бес ер адам оны байқап, шабуыл жасап, күшпен көлікке отырғызған. Тергеу кезінде қылмыскерлер оның қыз екенін білмегенін, жігіт деп ойлағанын айтып ақталды", - деді марқұмның әпкесі.

Олар қызды түні бойы азаптап, қорқытқан, зорлық-зомбылық көрсеткен, жанармай бекетінде күшпен ұстап отырған. Қылмыскерлердің барлығы мефедрон қолданған. Кейін олар Алинаны да есірткі қабылдауға мәжбүрлеп, зорлаған.

Күдіктілер кімдер?

Күдіктілердің бірі - 1991 жылы туған ер адам, үйленген, бала тәрбиелеп отыр. Тергеу кезінде ол алғаш рет мефедрон қолданып көргенін айтып, ештеңе есінде жоқ екенін алға тартқан. Ол кінәсін мойындамаған. Қалған төртеуі қылмыстың барлық егжей-тегжейін айтып берген. Таң атқан соң күдіктілер қызды өзінің телефонынан екі миллион теңге несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Кейін бұл ақшаны базардағы таныстары арқылы шешіп алған.

Содан соң қызды қалаға әкеліп, біреуге айтса, өлтіретінін айтып қорқытқан.

"Өзіне қол жұмсамастан бұрын Алина бәрін құрбысына айтып берген. Құрбысы інісіне айтуға көндіреді. Алина қылмыскерлерді жазалау үшін соңына дейін баратынын айтқан. Інісі бұл туралы анасына айтуды сұраған, бірақ Алина ұялған", - деді марқұмның әпкесі.

Бұл сұмдыққа көне алмаған қыз терезеден секіріп кеткен.

"Алина өз жұмысын жақсы көретін, саяхаттауды армандайтын. Бос уақытында кітап оқып, фильмдер көретін. Оның марафондардан алған медалі көп", - деді әпкесі.

Марқұмның туыстары күдіктілерге қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр.

"Біз басты қылмыскерді өмір бойына бас бостандығын айыруды, қалған төртеуіне 15-20 жыл жаза сұраймыз", - деді Алинаның әпкесі.

Сот шешімі туралы

Бұған дейінгі сот жабық режимде өткен. Марқұмның туыстарының айтуынша, сот процесінде судья айыпты қайта қараған, себебі қыз өзіне-өзі қол жұмсаған. Қайтыс болған қыздың туыстары апелляцияға берген. Олардың айтуынша, төрт қылмыскер бірнеше жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін.

Олар қылмыскерлерде интернетке кіру мүмкіндігі бар екенін де айтып отыр. Алинаның әпкесінің сөзінше, олар әлеуметтік желілерде белсенді, өз парақшаларын жүргізіп отыр.

"Лада" басылымының мәліметінше, Маңғыстау облысының прокуратурасы қыздың өліміне қатысты сот үкіміне апелляциялық өтініш берген. Ведомство кінәлілерге жазаны қатаңдатуды талап етіп отыр.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылғы желтоқсанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты марқұмға жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша басты күдіктіге 20 жыл, ал оның төрт сыбайласына 7 жылдан 8,5 жылға дейінгі жаза тағайындаған. Прокурор бұған дейінгі сот жарыссөзінде басты күдіктіге өмір бойы бас бостандығынан айыру, ал қалғандарына 15-16 жыл жаза сұраған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова