Ақтаулық блогер Instagram-дағы видеосы үшін сот алдында жауап беріп, өтемақы төледі

Ақтаулық блогер Instagram-дағы видеосы үшін сот алдында жауап беріп, өтемақы төледі
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Instagram-да блог жүргізетін Ақтау тұрғыны қылмыстық іс бойынша тергеудің бейнежазбасын өз парақшасында жариялаған. Ол осы әрекеті үшін сот алдында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Кадрда жәбірленуші ретінде қаланың екі тұрғыны көрсетілген. Азаматтар сотқа шағым түсіріп, өз суретін пайдалануға және таратуға келісім бермегенін айтқан. Олар бейнематериалды алып тастауды және моральдық зиянды өтеуді талап еткен.

Ақтау қалалық №2 соты іс материалдарын қарап шыққаннан кейін айыпталушының қоғам қайраткері немесе штаттан тыс журналист екені туралы дәлелін ескермеген.

Сот жарияланған бейнежазба адамдардың келісімі талап етілмейтін материалдар санатына кірмейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар, бейнежазба көпшілікке жариялануы, оған қоса теріс пікірлер талап қоюшылардың күйзеліске ұшырауына себеп болғаны анықталған.

Сот шешімі

Сот блогерге бейнежазбаны Instagram парақшасынан алып тастауды және талап қоюшылардың әрқайсына моральдық зиян үшін 200 000 теңгеден өтемақы төлеуді міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget