Ақтауда дәрігерлер 25 жыл өткеннен кейін науқастың көзінен әйнек сынығын алып тастады, - деп хабарлайды Lada.kz.
Әйелдің көзінің астында 1997 жылдан бері әйнек сынығы жүрген. Ал әйнек жол апатынан кейін қалып қойған.
"Ол 1997 жылы жол апатына ұшыраған. Нәтижесінде, бірнеше күн бойы ес-түссіз жатқан. Кейін қыз есін жиған, бірақ бетінде үлкен тыртық қалып, көзі өзгеріске ұшыраған. Сондай-ақ, көзінің асты жиі ауырып, үнемі көз жасы аға берген. Дәрігерлерге жиі барып, түрлі мамандарға жүгінсе де, ешқандай нәтиже бермеген", - деді клиника қызметкері.
25 жылдан кейін Ақтаудағы жеке клиникалардың бірінің мамандары науқастың көзінің астынан өлшемі 5 миллиметр әйнек сынығын тапқан. Әйнек науқастан қауіпсіз жолмен алынған.