Ақтаулық Әлия Мергенбаева Қазақстанның ең сұлу қызы атанды

"Қазақстан аруы 2015" ұлттық конкурсын ақтаулық ару Әлия Мергенбаева жеңіп алды. Қорытындыны Олимпиада чемпионы Александр Винокуров жария етті.

Конкурс финалына елдің барлық өңірінен 30 қыз қатысты. Бастапқыда қазылар алқасы осы отыздықтан ТОП-15 іріктеп алды.

Қолдан тігілген ұлттық киім кию және кешкі көйлектермен сахнаға шығу номерінен кейін финалға шыққан бес арудың аты-жөні аталды, олар: Ақтау аруы Әлия Мергенбаева, 17 жаста; Астана аруы Камилла Темірова, 21 жаста; Қарағанды аруы Рената Нұрғазина, 18 жас; Талдықорған аруы Айдана Қанайева, 19 жас, Орал аруы Вероника Залата, 18 жас. 

Шешуші кезең халық арасынан дауыс жинаудан тұрды. Ол тікелей эфирде sms-дауыс беру арқылы өтті. Бірақ дауыс беру нәтижелерін жария етудің алдында ақтық сынға шыққан бес ару қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Осылайша көрермен қатысушылар туралы толығырақ мәліметке қанықты. Мәселен, 17 жастағы Әлия Мергенбаевадан қандай кітаптар оқитыны сұралды. Әлия кітап оқымайтынын, бірақ Интернетте қызықты оқиғалар жайлы оқығанды ұнататынын айтты. Ал қарағандылық 18 жастағы Рената Нұрғазинаның ет тағамдарын жемейтіні белгілі болды.

Конкурс жеңімпазы 5 миллион теңге ақшалай сыйлыққа, қазақтың дәстүрлі жасауына, сонымен қатар Қазақстанды "Әлем аруы-2016" халықаралық конкурсында таныстыру мәртебесіне ие болды.





Дереккөз: tengrinews