- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтаудағы ұшақ апаты
Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың тізімі жарияланды
ТЖМ Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты ақпаратты жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
- Төлесінов Сәндібек Екібайұлы, 16.11.1988 жылы туған, туған жері: Маңғыстау облысы, Жаңаөзен тұрғыны.
- Жұмағұлов Бауыржан Жұмабайұлы, 30.09.1985 жылы туған, туған жері: Маңғыстау облысы, Жаңаөзен тұрғыны.
- Махсудова Галина Растамбековна, 12.01.1978 жылы туған, туған жері: Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының тұрғыны.
- Шаймерденова Гауһар Жұмағатқызы, 17.07.1975 жылы туған, туған жері: Алматы қ., Астана тұрғыны.
- Жұмағат Эльдар 23.08.2013 жылы туған, Астана тұрғыны.
- Джутаева Салима Аманжолқызы, 21.02.1995 жылы туған, туған жері: Қостанай облысы, Қарағанды тұрғыны.
Бұған дейін вице-премьер Қанат Бозымбаев 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағында қаза тапқан қазақстандықтар туралы айтқан еді.
Ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына қаржылай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Маңғыстау облысына келген қайтыс болған шетелдік азаматтардың жақындарына да қажетті көмек берілетіні айтылды.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан