Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандық жер қойнына тапсырылды

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандық жер қойнына тапсырылды
Фото: Instagram.com/dr.salima.stom

29 желтоқсанда Қостанайда Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан Сәлима Жутаеваны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сәлиманы ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Аймағамбет қажы Спанұлы атындағы облыстық мешітте өтті.

"Қостанай облысының әкімдігі мезгілсіз өмірден өткен жерлесіміз Сәлима Жутаеваның туыстары,  жақындарымен тұрақты байланыста. Тасымалдау, жерлеу және еске алу шараларын ұйымдастыруда барлық қажет көмек көрсетілді", - деді Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақова.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Embraer ERJ-190 ұшағында болған алты Қазақстан азаматының есімдері ресми түрде жарияланды. Олардың арасында Маңғыстау облысының үш тұрғыны, астаналық әйел мен оның ұлы және Қостанай облысының тумасы Сәлима Жутаева бар. Сәлима 29 жаста болған. Ол Қостанайда стоматолог болып жұмыс істеген.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова