Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ - алдын ала мәлімет

Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ - алдын ала мәлімет
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Қазір Ақтауда жүрген вице-премьер Қанат Бозымбаев жолаушылар ұшағы апатының егжей-тегжейін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Вице-премьердің айтуынша, қазіргі уақытта 38 адамның қаза тапқаны белгілі болды.

"Мәйіттерден адам шошиды, күйіп кеткен, бәрі жиналды, енді мәйітханада болады. 29 адам, оның ішінде екі бала зардап шеккен, ауруханада жатыр, олардың 11-інің жағдайы - тұрақты ауыр, қалғандарының жағдайы - орташа ауыр", - деді Бозымбаев.

Сонымен қатар премьер-министрдің орынбасары ұшақта болған қазақстандықтар туралы да айтты.

"Өкінішке қарай, тірі қалғандар арасында... бір ғана әйел бар, оның кім екені анықталмады. Ол ес-түссіз жатыр, құжаттары жоқ. Аман қалған 29 адам ауруханада жатыр, олардың арасында бірде-бір қазақстандық жоқ. Борттағы алты адам Қазақстан азаматы болған, оның ішінде екі бала бар", - деді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
 

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан