• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қашан аяқталатыны айтылды

Ақтаудағы ұшақ апаты: тергеу қашан аяқталатыны айтылды
Фото: Midjourney

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев 2024 жылы желтоқсанда Ақтау маңында Әзербайжан авиакомпаниясы (AZAL) ұшағының апатқа ұшырау себептерін тергеу қашан аяқталатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"ИКАО ұсынған талаптар мен стандарттарға сәйкес тергеу 1 жылға созылады. Яғни биыл желтоқсанға дейін тергеу бойынша қорытынды есеп аяқталуға тиіс", - деді Ластаев Үкіметте өткен брифингте.

Министрлік өкілі ұшақ апатына қатысты тергеу барысы жайында пікір білдірмеді.

"Қылмыстық тергеу - прокуратура органдарының құзыреті. Бұл мәселемен тікелей айналысатын жедел-тергеу тобы бар", - деді ол.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget