- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ұшақ апаты
Ақтаудағы ұшақ апаты: Путин мен Әлиев тағы сөйлесті
Ресей президенті Владимир Путин мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жексенбіде телефон арқылы сөйлесіп, Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына байланысты мәселелерді талқылады. Бұл туралы Кремль мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости-ға сілтеме жасап.
"Путин мен Әлиев бүгін телефон арқылы "Әзербайжан авиакомпаниясының" ұшақ апатына байланысты түрлі мәселелерді талқылады", - деді Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Песковтың мәлімдемесі Ильхам Әлиевтің Әзербайжан теледидарына берген сұхбатының аясында пайда болды. Онда Әлиев апаттан кейінгі бірінші күндері "Ресейден алдамшы нұсқалардан басқа ештеңе естімегенін" айтты. Ол Мәскеуден Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырауына кінәлі екенін мойындауды, кінәлілерді жазалауды және өтемақы төлеуді талап етті.
Бұған дейін мемлекеттер басшылары Ақтаудағы апатты талқылау үшін сөйлескен болатын. Путин Ресейдің әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиғаға байланысты Әлиевтен кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова