- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ұшақ апаты
Ақтаудағы ұшақ апаты: министр халықаралық сарапшылармен кеңес өткізді
Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев Баку-Грозный бағытындағы ұшақ апатын тергеу үшін Қазақстанға келген 17 халықаралық сарапшымен кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көлік министрлігіне қарасты комиссияны Марат Қарабаев басқарады. Министрлікке қарасты бұл комиссия премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссияның құрамына кіреді.
ҚР Көлік министрлігі мәліметінше, комиссияның басты мақсаты - оқиғаның себебін анықтап, болашақта осындай жағдайдың алдын алып, болдырмау үшін ұсынымдар әзірлеу.
Көлік министрлігі
"Бүгін Марат Қарабаевтың төрағалығымен штабта барлық 17 халықаралық сарапшының қатысуымен жиналыс өтті. Комиссия жұмыс жоспарын нақтылады. Комиссия оқиға орнына толық құраммен бірге барып, апатқа ұшыраған әуе кемесінің элементтері жиналатын арнайы ангарды қарайды. Әуе кемесінің элементтерін жинайтын күн бірлесе бекітіледі", - деп жазылған хабарламада.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова