• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Ақтаудағы ұшақ апаты: көріпкел оқиға орнында тосын жайтқа тап болған - БАҚ

Ақтаудағы ұшақ апаты: көріпкел оқиға орнында тосын жайтқа тап болған - БАҚ
Фото: Minval

Астаналық көріпкел Айгүл Бердіғалиева Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған жерден сырға тауып, оны құқық қорғау органдарына тапсырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, осы зергерлік бұйым иесінің туыстары да табылған.

"Айгүл Бердіғалиева Instagram парақшасында құқық қорғау органдары келіп, тергеу мүддесі үшін ұшақ апатының орнынан табылған алтын әшекейді сұрағанын айтқан. Ол заңға қарсы шықпай, табылған бұйымды қарсылықсыз берген. Әшекейдің иесін іздеу бойынша міндеттемелерді полицейлер өз мойнына алған", - деп жазылған басылым дерегінде.

Басылымға берген жауабында полиция департаменті бұл сұраққа қатысты желілік полиция бөліміне жүгінуге кеңес берген. Ал ол жақтағылар бұл іспен Бас прокуратура айналысып жатқанын мәлімдеген.

"Көріпкел өзіне аян беріліп, бір әйел келіп, зергерлік бұйымдарды анасына беруді сұрағанын, ал бұл әйел Бакуде жансақтау бөлімінде комада жатқанын айтты. Сонымен қатар ол әйел жүкті болып шықты. Ал бұл сырғаны оған қайын енесі сыйға тартқан", - деп жазылған мәліметте.

Желіде астаналық көріпкелдің ұшақ апаты болған жерден жолаушылардың бірінің алтын сырғасын тапқанын айтқан видеосы қызу талқыланып жатыр.

Алайда құзырлы органдар бұл жағдайға әзірге ресми пікір білдірмеді.

lada.kz

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget