Ақтаудағы ұшақ апаты: комадан шыққан қырғызстандықтың әсерлі видеосы пайда болды

Ақтаудағы ұшақ апаты: комадан шыққан қырғызстандықтың әсерлі видеосы пайда болды
Фото: Видео кадры

Ақтау ауруханасында 25 желтоқсанда ұшақ апатынан зардап шеккен Қырғызстан азаматы Ринат Асанов комадан шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қырғызстандық ТЖМ дәрігерлер мен жәбірленушінің ағасы жігітпен сөйлесіп жатқаны көрінетін жантебірентер видео жариялады. Кадрлардан Ринаттың ағасы қуанып, оны сүйіп жатқаны көрінеді. Бүгінге дейін жігіт комада болды.

"Жыламаңыз", - дейді дәрігерлердің бірі.

"Қазірдің өзінде жүрек соғысы жиілеп кетті", - деді оператор.

Мамандар аман қалған Ринатқа алаңдамауға кеңес беріп, бәрі жақсы болатынына сендірді.

"Комадан шықты. Ағаңды танисың ба? Туған бауыры. Бәрі жақсы болады. Жазыласың, содан кейін тойлайсыңдар. Уайымдама. Шыдамды бол", - деді қазақстандық дәрігерлер.

Қазақстандық мамандардың айтуынша, олар Ринаттың палатасына барлық қажет жабдықты қосқан. Сауыққаннан кейін Қырғызстан азаматы үйіне жіберіледі.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова