Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағына қатысты тергеу барысы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, тергеудің бірінші бөлігі - қылмыстық іс, оны Қазақстанның Бас прокуратурасы ресейлік әріптестермен жүргізіп жатыр. Екінші бөлігі - техникалық, оны Көлік министрлігі жүргізіп жатыр.
"Көлік министрлігі тергеуді аяқтауға жақын. Сондықтан қазір лицензия иелерінен немесе технологиялардың иелерінен аэронавигация құралдары, тағы басқа бойынша қорытынды күтіп отырмыз. Биыл немесе келесі жылдың басында Көлік министрлігі тергеуді аяқтауға дайын", - деді ол Мәжіліс дәлізінде.
Шенеуніктің айтуынша, Бас прокуратура бойынша да жұмыс ілгерілеп келеді.
"Келесі жылы ол бойынша да тергеу аяқталады деп үміттенеміз", - деді вице-премьер.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова