Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (Azal) ұшағына қатысты тергеу есебі жыл соңына дейін ұсынылады. Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеунік үш айдағы алғашқы алдын ала нәтижелерді тиісті комиссия толығымен ұсынғанын еске салды. Қазір күрделі сараптамалар, тереңірек тергеу жүргізіліп жатыр. Министрлік өкілінің айтуынша, бұл - көп еңбекті қажет ететін жұмыс, соңында БАҚ-қа қорытынды есеп беріледі.
"Қазір нақты мерзімін атай алмаймыз. Бұл - өте маңызды мәселе, сондықтан күнін нақты айта алмаймын. Бірақ жыл қорытындысы бойынша баспасөз релизін ұсынамыз", - деді вице-министр.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова