Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзербайжанда қаза тапқан жолаушылардың несиелері кешірілді

Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзербайжанда қаза тапқан жолаушылардың несиелері кешірілді
Фото: ТЖМ

Әзербайжанның банктері мен банктік емес несиелік ұйымдары Ақтауда AZAL ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаза тапқан азаматтардың несиелерін есептен шығару туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Oxu.Az-ға сілтеме жасап. 

Әзербайжан банктер қауымдастығының бірлескен мәлімдемесіне сәйкес шешім қаза тапқандардың отбасыларына жанашырлық көрсету мақсатында қабылданған. Әуе апатынан қаза тапқандардың несиелері банктердің өз қаражаты есебінен өтеледі.

"Баку-Грозный рейсінің экипаж мүшелері мен жолаушыларының қайғылы қазасы бүкіл елге, соның ішінде Әзербайжанның банк қауымдастығына ауыр тиді. Әзербайжан Орталық банкінің ұсынысы бойынша қаза тапқандардың қарыздары есептен шығарылды. Қаза тапқандардың отбасы мүшелеріне көңіл айтамыз және зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектеспіз", - деп жазылған хабарламада.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова