Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзербайжан қаза болған екі азаматын жер қойнына тапсырды

Әзербайжан 25 желтоқсан Ақтауда әуе апатынан қаза тапқан екі азаматты жер қойнына тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі report.az басылымына сілтеме жасап. 

Әзербайжандық Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағында апатқа ұшыраған жолаушы 1998 жылы дүниеге келген Балакен ауданының тумасы Рамазан Нерман оглы Филиев Шариф ауылының зиратында жерленді. Қаралы рәсімге Филиевтің туыстары, аудан басшылығы, құқық қорғаушылар мен қоғам өкілдері қатысты. Филиевтің артында жары мен 10 айлық ұлы қалған. 

1997 жылы туған Гошгар Фиридун оглы Садыговтың денесі Джалилабад ауданындағы туыстарына тапсырылды. Жаназа намазынан кейін ол Мирзали ауылындағы зиратқа жерленді.

Садыгов Грозныйда жұмыс істеген

Басылым мәліметі бойынша Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының арасында 15 адам Балакен ауданынан болған, олардың 10-ы қаза тапқан. Ал бұрын апаттан аман қалған Әзербайжан азаматтары Қазақстан дәрігерлеріне алғыстарын білдірді.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Соңғы мәліметтер бойынша Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың өндірушісі Embraer компаниясы қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу жұмыстарына қатысу үшін Қазақстанға өз өкілдерін жіберді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!