- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтаудағы ұшақ апаты
Ақтаудағы ұшақ апаты: алдын ала тергеу келесі апта аяқталады

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкіметте өтіп жатқан БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде Ақтаудағы ұшақ апатынан көз жұмған қазақстандықтардың отбасыларына қандай көмек көрсетілгенін және тергеу қалай жүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты тергеу қашан аяқталатыны да белгілі болды.
"Ақтаудағы ұшақ апатының алдын ала қорытындысы келесі апта аяқталады. Қаза тапқандардың отбасыларына Үкімет тарапынан материалдық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, әрбір көз жұмған адамға 5 млн теңге өтемақы берілді. Әрі қарай демеушілердің арқасында келесі аптада тағы бір ол кісілерге (ред. - қаза тапқандардың отбасыларына) тиісті көмек көрсетілетін болады. Қазір тергеу амалдары қарқынды жүріп жатыр. Көлік министрлігінде арнайы топ бар. Оның ішінде Қазақстанның, Ресейдің, Әзербайжанның, Бразилияның сарапшылары бар. Нидерландыдан бір сарапшы қосылып отыр. Олар қара жәшіктердегі аудиожазбаны қарап жатыр. Сондай-ақ ұшақтың ұшу режимін сәйкестендіріп жатыр. Әрине, бұл біраз жұмыс. Өйткені адамдардың дауыстарын дәлелдеу үшін тексеру жүргізеді. Кім, қай секундта не айтқанын, кім қандай команда бергенін дегендей", - деді Қанат Бозымбаев тілшілердің сауалына берген жауабында.
Оның сөзінше, тергеу амалдарының алдын ала қорытындысы халықаралық стандарттар бойынша бір ай ішінде жариялануы тиіс.
"ICAO стандарттарына сәйкес алдын ала ақпаратты бір ай ішінде беру керек. Бұл қылмыстық тергеу емес, әуе апатының тергеушілері жүргізетін тергеу. Өздеріңіз білетіндей, комиссия құрамында 17-18 адам жұмыс істейді, Ресей мен Әзербайжанның сарапшылары мен ICAO-ның, Бразилияның және басқа да елдердің өкілдері бар. Қазіргі уақытта олар Бразилияда жинақталған материалдармен жұмыс істеп жатыр. Қара жәшіктердің жазбалары толық шешілді. Енді ұшу режимінің параметрлері және жермен байланысқан аудио-сөйлесулер арасындағы әңгімелер сарапталып жатыр. Ұшқыштар өзара сөйлескен дыбыстармен салыстырылады, әрі тиісті қорытындылар жасалады. Бірақ бұл үшін сараптама жасалуы қажет. Бас прокуратура министрлік арқылы заңгерлік сараптамалар жүргізіліп жатыр. Отбасы мүшелері осы дауыстардың ұшқыштар мен экипаж мүшелеріне тиесілі екенін растауы керек. Бұл үлкен халықаралық жұмыс. Келесі аптада алдын ала ақпарат көлік министрлігі тарапынан жарияланады деп үміттенеміз", - деді Премьер-министрдің орынбасары Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет