Ақтаудағы Мальдив, арабтар үлгісі, ауызсу: жаңа әкім Маңғыстауды қалай жаңғыртпақ? Эксклюзив сұхбат
Massaget.kz облыс әкімдерімен сұхбаттар легін жалғастырды. Кезекті қонақ - редакцияға эксклюзив сұхбат берген Маңғыстау облысының жаңадан тағайындалған әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Өңір әкімі сұхбатында Тоқаевқа қандай сұрақ қойғанын, арабтар мен түріктерден не үйреніп жатқандарын, Ақтау қашан Дубай немесе Бакуге айналатынын, ең бастысы ауызсу мәселесі қашан шешімін табатынын айтты.
Тоқаев "бұл басқа Қазақстан" деді
- Нұрдәулет Игілікұлы, әкім болғаныңызда 3 айдан асты. Бұған дейін ұлттық компанияларда, теміржол, мұнай саласында қызмет еттіңіз. Мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз?
- Әкем - теміржолшы, өзім де теміржолшымын. Сол салада 20 жылға жуық уақыт қызмет еттім. Әскерден келгеннен кейін 2000 жылы Астанаға көшу сәнге айналды ма, бәрін тастап, көзімді жұмып Астанаға кетіп қалдым. Ол кезде жас жігітпіз. Сол жақта теміржолдағы жұмысым басталды. 2018 жылы Қазақстан теміржолында жүрген жерімнен "Маңғыстау облысына әкімінің орынбасары болып кел" деген ұсыныс түсті. Әкеммен ақылдасқанда, "елге барып, қызмет еткенің дұрыс шығар" деген ой салды. Сөйтіп Маңғыстауға қайтып келдім. Бір уақыттары Ақтау қаласының әкімі болдым, қайтадан облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалдым. 2023 жылдың басында өзім де ойламаған жерден "Өзенмұнайгаз" деген мекемеге бас директор қылып жіберді. Мұнайшы емеспін, дей тұрғанмен әріптес ағаларымыз сондай сенім білдіріп, сол жақта 1,5 жылдай жүрдім.
- Облыс әкімі болып тағайындалғаныңызды қалай, қашан білдіңіз?
- Облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезімде 16 мамырда кешке чатқа "ертең бәріңіз облыстық әкімшілікке жиналасыздар, жаңа әкімге дауыс бересіздер" деген хабарлама келді. Ойымызда ешнәрсе жоқ. Сол кезде мекемемізде келеңсіз жағдай болып қалып, сонымен арпалысып жүргенбіз. Жаңа әкімге дауыс беруге келсем, өз-өзіме дауыс беруге келіппін. Білген жоқпын, соңына дейін айтқан жоқ, құпия ұстады. Әрине, бұл, біріншіден, Президентіміздің сенімі. Үлкен жауапкершілік. Тағайындалған күні өзіміздің ағайындардың чатында ақсақалдар "сүйекке таңба түсіре көрме" деп бата ма, тапсырма ма, бұйрық па берді. Түсінген адамға ауыр сөздер. Халықтың да сенімі бар. Үміт артып отыр. Одан қалды үйдегі әке-шешем де күнде тілеуімізді тілеп отыр. Осы өңірдің тумасы болғаннан кейін ата-бабам осы жерде жатыр. Өзімнің де кіндік қаным осы жерде жатыр. Елге қызмет ету - үлкен бақыт. Әр жұмыстың қиыншылығы бар. Бірақ мына жерде масштаб бөлек, бір сала, бір бағыт емес, жалпы өңірдің экономикасының қай бағыты болса да менің мойнымда тұрған жүк. Жұмыс істеуге құштарлық, арманымыз, жоспарымыз бар.
- Президентпен қашан кездестіңіз? Араларыңызда қандай әңгіме болды?
- Тағайындалғаннан кейін үш күннен соң "Президенттің қабылдауында боласыз" деген хабар келді. Мен үшін күтпеген жағдай, бұрын-соңды Президентпен көзбе-көз отырып сөйлесіп көрмеген, қабылдауында болмаған адаммын. Президенттің қабылдауында болдым. Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлының беретін тапсырмаларының барлығы - осы елдің өсуі-өркендеуі, тұрмыстық жағдайының жақсаруы. Әр саланы қозғады: медицина да бар, білім де бар. Маңғыстауда білім көрсеткіші жақсы болып тұрған жоқ. Инвестиция тарту, туризмді дамыту деген сияқты әртүрлі бағытта тапсырма берді. Мен ол кісіге қоштасардың алдында "Қасым-Жомарт Кемелұлы, рұқсат па, ішімде кетіп қалмасын, көкейімде тұрған бір сұрақ бар" дедім. "Айтыңыз" деді. Ашығын айттым. "Бұрын-соңды жоғары лауазымға қолы ұзындау, танысы бар кісілер болатын еді. Жаңаөзен деген жерде жүрген қазақтың қарапайым жігіті едім, бір күннің ішінде қалай болып кеткенін түсінбей қалдым" дедім. Ол кісі "сыртыңыздан зерттедік, сізді бір күннің ішінде тағайындап тастау немесе қолы ұзын кісілер туралы сұрағыңызға қысқаша жауабым: бұл басқа Қазақстан" деді. Мен бұл сұрақты Президентке қойдым. Екі ауыз сөзбен "басқа Қазақстан" деп жауап берді.
"Судың бәрін Rixos ішіп қойып жатыр деген бекер әңгіме"
- Жыл сайын ауызсу мәселесі ушығады... Мәселе қайдан шығып отыр?
- Өте орынды, күн тәртібіндегі ең бірінші сұрақ. Бұл проблема бүгін не кеше туған жоқ. Бала кезімізден көріп келе жатқан проблема. Өзім Бейнеу деген жерде туып-өстім. Құдығымыз болатын, сол құдыққа су толтырып, содан су ішетін едік. Қазір тіке желілер барды. Бұрын Ақтау қаласында ас үйдегі су бөлек, жуынатын бөлмедегі су бөлек құбырмен келетін еді. МАЭК деген мекеме екі түрлі су шығарып отырды: техникалық су, ауызсу. Кейін халықтың әл-ауқаты жақсарғанының көрсеткіші деп есептеймін, техникалық судан толықтай бас тартып, жуынатын жеріне де, ас үйіне де ауызсу құбырларын тартып алды. Қазір МАЭК ауызсу шығаруға көшіп кетті. Бірінші мәселе - сол. Екіншіден, халықтың саны өсіп жатыр. Ақтауда зәулім-зәулім ғимараттар салынып жатыр. Оның бәрін сумен қамтамасыз етуіміз керек.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
- Өңірге су қайдан келіп жатыр?
- Маңғыстауға келетін судың екі көзі бар: біреуі - Астраханнан келетін құбыр, екіншісі - Каспий суын тұщытып, ауызсуға айналдыру. Негізгі су беріп тұрған мекеме - МАЭК, ол қанша дегенмен техника, ескіру көрсеткіші жоғары болып тұр. Сондықтан Каспий су тұщыту зауыты деген зауыт салынды. Ол күнге 20 м3 шығарып тұр еді, ол да жетпей қалды. 2,5-3 жыл бұрын Ақтаудың әкімі болып тұрған кезде де "не істейміз?" деген сұрақ мазалады. Сол кезде де проблема бар еді, жаз келсе су тапшылығы.
depositphotos.com
- Халық бұған Rixos-ты кінәлайды екен...
- Біреу судың бәрі Rixos-қа кетіп жатыр деген қауесеттер таратып жүр. Ол рас емес. Себебін айтайын, МАЭК күніне 52 мың су шығарады, Каспий су тұщыту зауыты 20 мың су шығарады. Одан бөлек Астраханнан келіп жатқан су бар. Rixos-қа кететіні - 2000 текше метр. "Судың бәрін Rixos ішіп қойып жатыр" деген бекер әңгіме.
- Мәселе қашан түбегейлі шешіледі?
- Жаңғырту жұмыстарын жүргізетін болсақ, оның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындайсың. Оған байқау болады. Одан кейін құрылыстың өзіне байқау болады. Адамдар келіспесе, байқаудың нәтижесін тексереді, жылдарға кетіп қалады. Бізге тез жеңіс керек болды. Жергілікті кәсіпкерлерді шақырып, "азаматтар, елге жасаған сауаптарыңыз болсын, ақшасы бір күнде қайтып келмейді, дей тұрғанмен жекеменшік су тұщыту зауытын салу керек" деген ұсыныс бердік. Соның ішінде суырылып бір азамат шығып, "кірісіп көрейін" деді. Ақшұқыр мен Ақтаудың шекарасынан жерді белгілеп бердік. Дүние жүзінде суды тұщытып отырған тек Маңғыстау емес қой, біз сияқты теңіздің жағасында отырған жерлер Қытайда да, арабтар да бар. Солардың бәрін зерттеп келіп "кірісемін" деп, зауытты бастап кетті. Әлемдегі ең жақсы зауыттың құрылғыларын сатып алып, Иранда мамандарға жинатып, бірінші он мың кубтықты әкеліп қойды. Басында оған көбі сенген жоқ. Қазір ол қалаға су беріп жатыр. Екінші, Каспий су тұщыту зауытына тағы да 20 мың текше метрлік құрылғылар келді. Қазір монтаждау жұмыстары басталды. Сол кезде Каспий су тұщыту зауытынан 20 мың емес, 40 мың куб су шығады. Ол - үлкен көмек. Бірақ қала өсіп бара жатыр, онымен тоқтауға болмайды. Сондықтан МАЭК-тің өзінде қосымша 24 мың текше метр шығаратын құрылғыға жобалық-сметалық құжаттама жасап жатырмыз. Биыл бітуі керек. Сараптамадан шыққан соң оның да құрылысына байқау жариялап, бастауымыз керек. Үшіншісі - Жаңаөзеннің арғы жағында Тоқмақ деген жер бар. Сол жерде ҚазМұнайГаз тәулігіне 50 мың текше метр су шығаратын зауыт салып жатыр. Келесі жылы жазға дейін тапсырып, оны да іске қосып жіберуіміз керек. Сол кезде Маңғыстаудағы су мәселесі шешіледі. Келесі жазға жақсы көрсеткішпен кіруіміз қажет.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Мойындаймыз, біз де осы қаланың тұрғынымыз"
- Ақтауда құрылыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Халық соның зардабын тартып отырған жоқ па?
- Сұраныс болса, құрылыс болады. Сұраныс болмаса, құрылыс та өзімен-өзі тоқтайды. Ақтау қаласына тек маңғыстаулықтар емес, басқа өңірлерден де көшіп келіп жатқан ағайын көп. Біреу болашақ көреді, біреу теңіздің жағасында өмір сүргісі келеді, қазір жастардың да талғамы күшті болып кетті ғой.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
- Жергілікті халықтан "құрылыстың ретсіздігінен хаос пайда болды" деген пікірді естідік...
- Бұрын жеке кәсіпкер 10 не 5 гектар жерді сатып алып, үйлерді қалай орналастырғысы келеді, солай сала берген. 2022 жылы оған тоқтау салып, үйге жер алатын кезде үйдің астында қанша жер болуы керек, тек соны беретін болдық. Кезінде солай салынып кеткені рас, өте тығыз орналасқан, ішінде мектеп, балабақша қаралмай кеткен шағынаудандар бар. Қазір барынша мектебі жоқ шағынаудандардың жанына жақындатып мектеп салып жатырмыз. 16-шағынауданда ішкі жолдар жоқ. Расында да, халықтың көкейінде жүрген мәселе. Көптен бері айтылып жүр. Мен қаланың әкімі болып тұрған кезде айтылған мәселе еді. Қазір бұл шағынауданның ішінде абаттандыру мәселесіне мердігер мекеме анықталды. Жұмыс барысында керек нәрселер шығып қалып, жобалық-сметалық құжаттаманы қайтадан жасақтап жатырмыз. Жаңбыр жауғанда, қыстың күндері жүру мүмкін емес. Мойындаймыз, осы қаланың тұрғынымыз. Бұл жерде ағайынымыз, жергілікті қазақ болған соң не құдаң, не жекжатың тұрады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Түйе сауып тұрған қарапайым келіннің көзіне сүт емес, ақша болып елестесе"
- Маңғыстау мұнаймен ғана күн көріп отыр ма? Экономиканың басқа қандай тетіктері бар?
- Жердің ерекшелігіне байланысты Маңғыстаудың экономикасы мұнай-газ саласымен тығыз байланысты. Президент те тапсырма берді, Үкіметтен де тапсырма бар. Бұл бағытпен қатып қалмауымыз керек. Біріншіден, әлі шауып кете алмай тұрған туризм деген мәселе. Бізде барлық жағдай бар: теңіз бар, жер-асты мұражайы, әулиелі жерлер қаншама?! Тіпті Ақтаудың төңірегінде жердің астында өте құнарлы, минералды су бар. Оны әлі ескерген, жұмыстанған жоқпыз. Сараптамаға Чехияға жіберіп көрдік, олардан жауап келді. Сапасы жөнінен Сарыағаштан да, Чехиядағы сулардан да кем түспейтін минералды су бар. Санатория ашуға толықтай мүмкіндік бар. Туризм саласында потенциал өте үлкен, келгісі келетіндер өте көп.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
- Мал шаруашалығында қандай идеяларыңыз бар?
- Екінші игерілмей тұрған мәселе - түйе шаруашылығы. Бұрын неге игермедік деп ойлаймын. Маңғыстауда ата-бабамыз бағып келген мал - түйе. Қазір облысымызда 100 мыңнан аса түйе бар. Бірақ біз түйенің сүтін дұрыс қолданбай отырмыз. Ауылдағы ағайын күнделікті шайына, шұбатына сауады. Үлкен түйе шаруашылығы бар азаматтар шұбат жасап, кен орындарымен келісімшарт жасайды. Түйенің сүті Маңғыстаудың ішінде айналып жүр, сыртқа шығып жатқан жоқ. Өткен жолы Қытай түйенің сүтінен биологиялық қосымшаларды жақсы жасайды деп естідік. 3 аптадай уақыт бұрын Қытайға барып, сол зауыттың құрылтайшысымен кездестік. Ол шығарып жатқан өнімдерін көрсетті. Қалбыр, сыртында түйенің суреті тұр. Олар түйенің, жылқының сүтінен витаминдер жасайды екен. 2200-дей түйесі бар Қытай азаматының видеосын көрсетті. Ол "зертханада зерттеу жасайық, құнарлылығы келіп тұрса, Маңғыстаудан зауыт ашайық, Қытайға жіберіп отырыңдар" деді. Бізге де қызық болды. 5-6 ауылдың түйелерінің сүтін алып, Қытайға жібердік, өте керемет нәтиже келді. Қазір Болат Бошанов деген кәсіпкерге "түйенің сүтін ұнтаққа айналдыратын зауыт салшы" деп қолқа салдым. Маңғыстау ауданының Шетпе деген орталығы бар, айналасында түйе ауылдары көп. Сол маңнан жерін қарап бастады. Бұл кәсіп жүріп кететін болса, сүт таситын көліктер таңертең ауылдардың бәрін аралап шығып, сүтті сатып алуы керек. Ауылда тұратын, түйе сауып тұрған қарапайым келіннің көзіне сүт емес, ақша болып елестесін деймін. Ол бүгін бір түйе сауып жүрсе, ертең екі түйе сауғысы келеді, күнделікті қаржысы қалтасына түсіп тұрады. Осы іске асып кетсе, тура сондай зауытты Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларынан, Бейнеуден салғымыз келеді.
- Маңғыстаудағы медицинаның ахуалы қалай?
- Біздің дәрігерлер жаман деп айтпаймын, қолынан келгеннің бәрін жасайды. Медицина саласында проблема жоқ емес, бар. Біріншіден, өңірде медициналық ғимараттардың жетіспеуі. Әртүрлі бағдарлама аясында амбулатория салып жатырмыз, дегенмен де жетіспейді. Екінші мәселе - кадр тапшылығы. Маңғыстау облысында 200-дің үстінде дәрігер тапшы. Ақтау мен Жаңаөзенде сырттан келетін дәрігерлерге жағдай жасау керек. Екіншіден, әкімшіліктің дәрігерлерді оқытатын грантының санын көбейттік. Жаңаөзен қаласында МРТ және ангиограф деген өте тапшы құрылғылар бар. Диагнозды дұрыс қойып білетін дәрігерлер керек. Мұнайлы ауданында бала кезімнен бері жыр болып келе жатқан емхана мен аурухана құрылысы жүріп жатыр, бюджетіне байланысты сәл-сәл кідіріп тұр. Өз тарапымыздан жұмыс істеп жатырмыз, бірақ кадр мәселесіне келгенде проблема келіп соқтығып тұрмыз.
- Маңғыстау білім саласы бойынша артта екенін айтып қалдыңыз...
- Білім саласы туралы ешкімге күйе жақпаймын. Ол жерде де кадр тапшылығы бар. Расында да, Маңғыстауда орта білім деңгейі Қазақстанның артқы жағында тұрмыз. Қазір "Отпан" деген бағдарлама жасадық. Бұл бағдарламаға Маңғыстаудың 50 мектебінің мұғалімдерінің білімінің сапасын арттыру, қайта оқыту, мектептің ішін заманауи технологиямен жабдықтау деген мәселелер кіреді. "Өзенмұнайгаз", "Қазмұнайгаздың" қолдауымен жылына 500 бала Қазақстанның алдыңғы қатарлы мектептерінде оқып жатыр. "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында Маңғыстауда 21 мектеп қаралған. Күзде бесеуі тапсырылуы керек. Ішті қуантатын нәрсе, Рауан деген ауыл бар. Ол жерде не мектеп, не жол болған жоқ. Қазір Рауанда мектеп салынып жатыр. Рауанның балалары мектепке Ақтауға дейін бармайды. Жұмыс жүріп жатыр, дегенмен сәл уақыт керек. Дұрыс жоспарлау керек шығар. Өкінішке қарай, қазіргі деңгейіміз осындай.
"Аяқ киімім де шаң, жаяу көп жүремін"
- 2025 жылы Ақтау түркі әлемінің астанасы болмақ. Дайындық қалай?
- Қуантарлық шешім қабылданды. Келесі жылға үлкен жоспар құрып жатырмыз. Маңғыстауда мәдени, спорттық шаралар, конференциялар ұйымдастырылады. Маңғыстаудың өзінен шыққан ғұламалар аз емес. Келесі айда Әбіш Кекілбаевтың үлкен ғылыми конференция жасайын деп жатырмыз. Келесі жылға да үлкен шаралар бар. Барымызша қазақтың кеңдігін, қонақжайлылығын, әдемі салт-дәстүрін бүкіл халыққа паш етіп, Маңғыстауда дәлелдегіміз келеді. Өткенде Жүрсін Ерман, Аманжол Әлтаев ағаларымыз келіп кеткен. Атырау мен Маңғыстау айтысты. Сол кезде "Ақтау түркі әлемінің ордасы болдық, финалды Маңғыстауды ұйымдастырыңыздар" деп ұсыныс айттым.
- Ақтау қашан мегаполис болады?
- Маңғыстауда туу көрсеткіші өте жақсы. Екіншіден, ертеректе көшіп кеткен ағайындарымыз Маңғыстауға көптеп көшіп келді. Құрылыс салынып жатыр деген - халық саны өсіп келе жатыр деген сөз. Ақтау ертелі-кеш мегаполиске айналады. Түркия да тура Ақтау сияқты жолдан өткен. Қазір Түркия туризммен жақсы күн көріп отыр. Ол жақта да жұмыссыздар болған, таңертеңнен кешке дейін шай ішіп отыра беретін заман болған. Ататүріктің кітабын оқысаңыз, барлығы жазылған. Ататүрік Германиядан мамандар алып келіп, "міне, жер, қонақүй саласың, басқа нәрсе саласың, саған кедергі келтірмейміз, тек бір неміс азаматы келсе, қасыңа бес түрікті ертіп жүріп, үйретесің" деген. Қазір әлемдік тенденцияда көбі жылтыр туризмнен қашып, жабайы туризмді жақсы көреді. Ол үшін бізде Бозжыра, Тұзбайыр бар, әдемі жер көп.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
- Ал курортты қалаға айналдыру үшін не жетпейді?
- Курортты қалаға да айналып келе жатырмыз. Жақында өзім таңғалдым. Кешке шығып жүрмейді екенбіз. 1 ай бұрын қызыққа түнде шығып жүріп көрдім. Өзім жаяу көп жүремін. Қарап отырсаңыз, аяқ киімім де шаң-шаң. Бүгін де бірталай жерді жаяу аралап келдік. Таңғалдым: көшелерді түнде жарықтандырып қойған, жазғы дәмханалар тұр, адамдар кофе-шайын ішіп отыр. Туристер жүр. Сырттан келген адамдар көрініп тұрады. Көзге тартымды, іштей мәз болдым. Ақтауда кейбір жерлер бар, шетелден ешқандай кем емес. Әсіресе, түнгі қала.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
- Қаланың бас жоспары қалай жасалып жатыр?
- 13 маусымда Президент туризм бағыты бойынша үлкен жиналыс өткізді. Бізге Бакудің, не болмаса араб елдерінің тәжірибелерін зерттеңіздер деген тапсырма берді. Сол аптада бірінші орынбасарым бастаған, ішінде ғалымдар бар делегация Бакуге, Дубайға барып, тәжірибе алмасты. Сол кезде Дубайдағы біз сияқты әкімдері "бұл қатені көп рет өттік" деп тарихын айтып берген. Дүние жүзінде бас жоспармен, урбанистикамен айналысатын бес мықты мекеменің ғалымдарын Дубайға шақырып, жағдайын жасап беріп, сол жерде үлкен консорциум құрған екен. Дубайдың, Бакудің бас жоспарын жасаған солар. Абайлап жасау керек, біз ерсілі-қарсылы "болады" деп қабылдап жібереміз. Олар "бұлай болмайды" деп ақыл айтқан. "Сіздерге көмектесейік, дайындалып жатқан бас жоспарларыңызды бізге ағылшын тіліне аударып салып жіберіңіздер, біз қай жерде қате кеткенін, қалай түзеу керек екенін айтамыз" депті. Олар 3-4 апта қарап, ағылшынша нұсқасын салып жіберді. Қазір қазақ-орыс тілдеріне аударылып жатыр. Көреміз, маған да олар қандай артықшылық ұсынғаны қызық болып тұр. Бұрын Президент резиденциясы болған жерлерді Президент әкімшілігі елге деп қайтарып берді. Қаланың бас жоспарын бекітсек, сол 226 гектар жер туризмнің үлкен бағыты болатын жер деп есептейміз. Тұрған жері де ыңғайлы, суы да жақсы. Сол жерде үлкен туристік жобаларды бастаймыз.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Бозжыраның басына қонақүй салынуы керек деген пікірдемін"
- Тарихи орындарға қонақүй салына ма, бұл жерлер қалай қорғалады? 2 жыл бұрын Бозжыраның басына қонақүй салу мәселесі қызу талқыланып еді...
- Қазір әрбір қасиетті жерді бір жеке кәсіпкерлікке бекітіп қою деген бастаманы қозғап отырмыз. Ол тазалығын, келген адамдарға жағдай жасалуын қарап отыруы керек. Үлкен проблема, айтсаң өзімізге келеді. Тарихи орындардың басындағы тазалықтың жоқтығы. Бәрі деп айтпай-ақ қояйын, кейбір азаматтар келеді, өзінен қалған қалдықтарын қалдырып кетеді. Тазалық сақтау үшін мүмкін кішігім қонақүйлер салу керек. Бозжыраның тұсында не болып кеткенін көрген шығарсыздар (Инвестор Бозжыра шатқалында қонақүй салудан бас тартты еск.). Өзімнің жеке пікірім, ол жерге қонақүй салынуы керек. Қонақүйдің иесі сол жердің тазалығын сақтау керек. Келген халыққа жағдай жасалуы керек. Дүние жүзі соған көшіп бара жатыр. Біз неге сол тұста артқа тартқанымызды білмеймін. Бірақ жасатпай қалғанына ішім удай ашиды. Кәсіпкер миллиардтаған соманы саламын деп келді. Түріктің азаматы ма, қазақтың азаматы ма, бәрібір. Кім болса да тазалық сақтайтын, заманауи мекеме керек еді. Қазір басында не болып жатыр?! Біреулер "атадан (Бекет ата жерасты мешітінен - еск.) алыс емес жерде тұр, қонақүйге келген соң жын ойнаққа айналдырады" дейді. Қазір жын ойнақ болып жатыр, барсаңыз, арақ пен сыраның бөтелкесі жатады. Тура сол сияқты Тұзбайыр, Шерқала деген әдемі жерлер көп.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Ақтаудағы Мальдив". Ақтау билігі арабтардан не үйренбек?
- Арабтардан тағы не үйренбексіздер?
- Арабтардың туризмді дамытып отырған мекемелерімен келісіп қойдық. Осы айдың 8-9-ы күндері біздің делегация сол жаққа барады. Өткен аптада ақылдастық. Біріншіден, теңіз жоқ жердегі туризмді олар қалай дамытып жатқанын сұрау керек. Арабтарға басқа мемлекеттен ағылып адам келеді. Араб әріптестеріміз "кел, көрсетеміз, үйретеміз" деп отырғанда ойлап тауып не істейміз?! Одан да үйреніп алып, қағазға түсіріп алып, жасай қою керек. Біреуі былай тартады, біреуі былай тартады, кей кезде бәрі білгіш сияқты болып кетеді, қазір екінің бірі эксперт болып кетті. Біз одан да әбден тебіліп-тебіліп сол жолды өткен, мәресіне жеткен арабтардан, түріктерден үйреніп алып жасайық деп отырмыз. Теңіздің туризмі дегеннен шығады, Мальдив тәжірибесі деген, теңіздің үстіне салынатын қонақүйлер бар екен. Арабтарда сол да бар екен. 8-9-ы барған кезде соны да қарап келеді. Дұрыс болып тұрса, Каспийдің үстінен саламын деп кеткен жергілікті кәсіпкер бар. Қонақүй салғанда әртүрлі деңгейдегі қонақүйлер салынуы керек. Сөз жоқ, Rixos қымбат. Ешкімнің таласы жоқ. Қымбат болғанда да авиацияның ұстанымы сияқты: ертерек алсаң, арзанға шығады, адам аз болса, билет арзан болып тұрады. Мальдив қонақүйлерінің бағасы қандай болатынын білмеймін, зерттеу керек. Әрине, ушықтырып қоймайды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Итбалықтар неге өлетінін түсінбеймін"
- Каспий Аралдың тағдырын қайталап қалмай ма? Өндіріс те бар, итбалықтар да жиі қырылады.
Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты
- Экология деген мәселе қайдан шығады? Үлкен өндіріс орындары ғой. Қазір Қазақстан бойынша стандарт қабылданды. Әр өндіріс орнында түтін шығатын жерде арнайы құрылғы қою керек. Ол жұмыстар жүріп жатыр. Қазір халық бәрін көріп отыр, қай жерде мәселе болса, сигнал келіп түседі, ешкімнен ешнәрсе жасыра алмайсың. Бір түсінбейтін нәрсем бар, өткенде экологтарға "неге итбалықтар өледі?" деген тапсырма бергенмін. Басқа мемлекеттерді білмеймін, неге біздің Маңғыстауда итбалық өледі? Қараптан қарап өлмеуі керек, бір ішкі ойым, күдігім бар. "Неге олай болатынын зерттеңдер" дегенмін. Ауыратын шығар. Ветеринар емеспін.
"Кейде шулап кетеміз, кейде шыдамымыз жетпей қалады"
- Өзіңіз осы өңірдің тумасысыз. Маңғыстау халқы туралы не айта аласыз?
- Кей кезде жақсы жағынан көрінеміз, кейде шулап кететініміз бар. Кейде шыдамымыз өте төмен болып кететін жері бар. Өзімнің халқымды жақсы көремін. Бұл жерде ата-бабам жатыр, әкем, өзім осында дүниеге келгенбіз. Қарға баласын аппағым дей ме?! Мен де кім не десе, о десін маңғыстаулықтарымды әлдеқандай қыламын. Иә, бетке тіке айтып тастайтын жері бар шығар. Бірақ ешкімнің арқасына буынсыз жерден пышақ салмайды. Мүмкін Жаңаөзенді меңзеп отырған шығарсыз. Ол да ойыңызда бар шығар. Расында да, кейде халық айтса айтатындай бар. Жаңаөзенде қанша мұнайдың үстінде отырған жер болса да жастарды, балаларды апаратын дамыту орталықтары жоқ. Өкінішті ме? Өкінішті. Айтып отырғандарының жаны бар ма? Жаны бар. ҚазМұнайГаз қыркүйекте жыр болып келген балаларды дамыту орталығын салайын деп жатыр. Ол да халықты марқайтып тастайды. Спорт кешендері де жоқ. Халыққа жағдай жасасақ, бәрін түсінеді, бәріне шыдайды. Халықпен ашық сөйлесу керек, бұрынғыдай "иә, бұйырса" деп бірнәрсеге сүйеніп отырып сөйлейтін заман кетті. Қазір халық сауатты, әлеуметтік желі бар, заңды оқиды, Үкіметтің қаулыларын жақсы біледі. Мен бұлдамаймын да, міндетсінбеймін де, бірақ өткен жолы қазақ даласына қасірет келіп, су басып кеткен кезде ең алғаш болып біздің Маңғыстаудың жігіттері ұйымдасып, бір түн ішінде Құлсарыға шығып кетті. Құлсарыдан әрі қарай Атырауға өтіп кетті. Міне, сондай біздің халық. Жақсы дейсіздер ме, жаман дейсіздер ме, оны білмеймін.
"Кеткен соң халықтың батасын алып кету керек"
- Алда өңірді қандай қиындық күтіп тұр?
- Жаңа суды айтып кеттік. Екінші мәселе: бізде 85 пайыз азық-түлік сырттан келеді. Маңғыстаудан шығатыны тек сүт өнімдері, кейбір жеміс-жидек түрлері. Сырттан келер-ау, бағаны тұрақсыз ұстайды. Бірде бағаны 80 теңге етіп қояды, ертең 120 теңге етіп қоюы мүмкін. Бұл - азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. Біз бағаны тұрақты ұстау үшін көтерме сауда орталықтарын салуымыз керек. Біреуі салынып бітіп қалды. Көрші өңірлерден, өзбек ағайындардан үйреніп, жылыжайлар салуымыз керек. Салған жігіттер де бар. Шетпеде салғаны жақсы жасап кетті, өте тиімді дейді. Сол мәдениетке әлі жете алмай жатырмыз. Қазір жердің астынан ұңғыма қазып, судың мәселесін көрейік деп отырмыз. Егер дұрыс су шығатын болса, жергілікті кәсіпкерлер "5 жылыжай салайық" дейді. Жүріп жатса, жаппай соған көшу керек болатын шығармыз. Әрине, екінші мәселе - ауыл шаруашылығы. Осыдан 2 жыл бұрын жауын-шашын жаумай қалып, мал қырылып қалды. Міне, соған дайындалуымыз керек.
- Облыс әкімі ретіндегі қызметіңізге өзіңіз қандай баға бересіз?
- Ойланатын мәселелер бар, жоқ демеймін. Бәрін өзім келістіріп, қатырып, керемет қылып шешіп отырмын деп айтпаймын. Шеше алмай отырған да жерлерім бар. Көбі әкім болған соң бәрін шешіп тастайды деп ойлайтын шығар. Біз де адам баласымыз, тәуекелге баруға жүрексініп қаламыз. Себебі арты не болып кететінін ешкім білмейді, миллиардтаған қаржы бөлінгеннен кейін әр құжаттың тексерісі болады. Біз де жиналыстардың үстінде столды ұрып отырғанмен, кейбір жерде аяғымызды аңдап басамыз. Жатсам да, тұрсам да бар ойым, арманым: кеткен кезде артымыздан жақсы із қалып, ағайындарым, балаларым, достарым "біздің бауырымыз істеп кеткені" деп, халықтың батасын алып кеткенге не жетсін?! Кеткен соң халықтың батасын алып кету керек.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова