Ақтаудағы балабақшада бүлдіршін қатарластарынан соққы жеген

Ақтауда жекеменшік балабақшада біржарым жастағы бөбек қатарластарынан таяқ жеді. Жарақат алған қызын көрген ата-ана бірден шу шығарды. Оқиғаның қалай болғаны бақылау камерасына анық жазылған. Ал бір сағаттай уақытта бірде-бір тәрбиеші бөлмеге бас сұқпаған. Ата-ананың ашуына тиген де осы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

"Қызыма тиісе бастаған. Сол кезде тәрбиеші ажыратып алып, қайта жатқызған. Ояу балаларды тастап кеткен. Содан тәрбиеші ұзақ уақытқа жоғалған. Қызымды қасындағы екі кішкентай қыз тістеген, ұрған, көзін шұқыған. Үстіне отырып алып қылқындырған. Сосын басын ұстап тұрып ұрған , кереуеттің шетіне, қырына басы соғылған", - дейді қыздың анасы Камила Қабиева. 

Камила Қабиеваның айтуынша, қызын басқа балалар ұрып, шырылдап жылап жатса да, бірде-бір балабақша қызметкері көмекке келмеген. Кейін балабақша әкімшілігі мен қызметкерлері қыздың анасынан арыз жазбауын өтініп, сыйлық беріп, кешірім сұрап келіпті. Тіпті басқа балалардың да ата-анасын да арағайын қылып, бұл мәселені жылы жапқысы келген. Алайда бұл жағдай басқа балалардың да басында қайталануы мүмкін деген ана кешірім бергісі жоқ.

"Тіпті сол сәтте қызымды қылқындырып өлтіріп қоюы да мүмкін еді", - дейді ол.

Полиция оқиғаға қатысты іс қозғап, тергеп-тексеріп жатыр.

"Жекеменшік балабақшада болған жанжал дерегі бойынша ҚР ҚК 140-бабы, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр", - дейді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Ибадуллаева. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз