Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың өндірушісі Embraer компаниясы қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, тергеу жұмыстарына қатысу үшін Қазақстанға өз өкілдерін жіберді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Компанияның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде Embraer тергеу барысын қолдауға дайын екенін және оқиғаның дамуын мұқият бақылап отырғаны айтылған.
"Біздің ниетіміз және шынайы көңіл айтуымыз осы оқиғаға байланысты зардап шеккендердің отбасыларына, достарына, әріптестеріне және жақындарына бағытталады. Біз жағдайды мұқият бақылап, тиісті органдарды толық қолдауға дайынбыз", - делінген мәлімдемеде.
Қазақстанның Көлік министрлігінің мәліметінше, апат орнына Embraer және CENIPA (Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу орталығы) мамандары, Әзербайжанның авиациялық билігі делегациясы және AZAL авиакомпаниясының өкілдері келді. Тергеудің далалық кезеңін Қазақстанның оқиғаларды тергеу департаменті Әзербайжаннан келген әріптестерімен бірлесе жүргізіп жатыр.
Еске салсақ, Баку-Грозный бағыты бойынша ұшып шыққан ұшақ тұманға байланысты Махачкалаға, кейін Ақтауға бағытталған болатын. Ақтау әуежайынан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. Трагедияның ықтимал себептері әлі анықталып жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!