Ақтаудағы аттракционда екі бала жарақат алды

Ақтауда аттракционда екі бала жарақат алды. Бірі ауруханаға жатқызылса, екіншісі дәрігерлердің қарауынан соң үйіне жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 4 қыркүйекте кешке 5 "А" шағынауданында болғаны нақтыланды.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша ҚР ҚК 306-бабы ("Ғимараттар, құрылыстар немесе көлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу") бойынша іс қозғалды.

Куәгерлердің айтуынша, оқиғаға қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болуы мүмкін.

"Контролер карусельдің жұмыс аймағының бос екенін тексермеген. Аттракционды іске қосқан сәтте маңында "Газель" көлігі тұрған, балалар соған соғылған", – делінген материалда.

Денсаулық сақтау басқармасы балалардың жағдайы туралы ақпарат берді.

"2010 жылы туған қыздың сол қолындағы сүйегі сынды, сүйектері ығысқан. 2013 жылы туған ұлдың оң жақ асықты жілігінің ішкі айдаршығы ашық сынған, сондай-ақ оң аяғындағы таран сүйегі жабық сынған, бірақ сәл ығысқан", – деді ведомство өкілдері.

Екі балаға да қажетті медициналық көмек көрсетілді, біреуі ауруханада қалды.

Қала тұрғындары аттракционның келесі күні қалыпты режимде жұмыс істегенін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!