Ақтауда футбол қақпасы 16 жастағы баланың үстіне құлап кетті. Баланың жағдайы ауыр, ол комада жатыр және оған қан құю қажет, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
20 мамырда Маңғыстау облысындағы көпсалалы балалар ауруханасына 16 жастағы бала түскен. Артынша ойын кезінде баланың үстіне футбол қақпасы құлап түскені белгілі болды. Желі қолданушыларының сөзінше, оқиға 7-шағынаудандағы №9 мектепте болған. Зардап шеккен баланың бас сүйек-миына зақым келген және миы шайқалған. Дәрігерлер тексергеннен кейін жасөспірім ауруханаға жатып, емделу қажет екенін айтты.
"24 мамырда ауруханаға баланың анасы келді. Бала 5-7 күн аралығында емделу қажет екені айтылса да баланың анасы қолхат жазып, ұлының жағдайы жақсы екенін және дәрігерлерге ешқандай шағымы жоғын айтып алып кеткен", - дейді медициналық мекеме өкілдері.
Осылайша, жасөспірім ата-анасының қарауымен 7 күн үйінде болған.
"31 мамырда бала есінен танып, ұстамасы басталған. Жедел жәрдем алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін бала Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер баланы компьютерлік томографияға түсіргеннен кейін инсульт белгілерін байқады. Ол комаға түсіп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Бала хаттамаға сәйкес ем алып жатыр. Бірақ жағдайы ауыр", - дейді балалар ауруханасының өкілдері.
Желіде зардап шеккен 16 жастағы балаға қан қажет екені туралы ақпарат тараған. Қанды 34-шағынаудандағы облыстық қан орталығына Тимур Шердің атына тапсыруға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!