Ақтауда ұшақ шұғыл қонды: бортта қазақстандық футболшылар болған

Ақтауда ұшақ шұғыл қонды: бортта қазақстандық футболшылар болған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Air Astana ұшағының бортында талдықорғандық "Жетісу" футбол клубының футболшылары болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы - Анталия бағытында KS915 рейсін орындаған Airbus A321 ұшағы техникалық ақауға байланысты Ақтауға амалсыз қонуға мәжбүр болды. Ұшақтағы жолаушылардың кейбірі "Жетісу" футбол клубының ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамы болып шықты.

"Олардың жағдайы туралы толық мәлімет берілген жоқ, бірақ бәрі жақсы", - деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі Tengri Sport тілшісіне.

Айта кетейік, 20 желтоқсан күні талдықорғандық команданы Қазақстан құрамасының танымал экс-футболшысы Самат Смақов басқаратыны белгілі болды.

"Бәрі жақсы. Уайымдамаңыздар. Ойдағыдай қондық, барлық экипаж мен бортсерік - кәсіби мамандар", - деді Смақов. 

Бұған дейін Air Astana баспасөз қызметі ұшақтың шұғыл қонуына орталық бактың отын жүйесінің сақтандырғыш клапанындағы ақау себеп болғанын хабарлады. Рейс Алматыдан қосалқы бөлікті жеткізу қажеттілігіне байланысты 9 қаңтар сағат 09:20-ға ауыстырылды. Жолаушыларға тамақ беріліп, қонақүйге орналастырылды. Осындай шаралар Анталиядағы жолаушыларға қатысты да қолданылып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан