Ақтауда танымал блогер ұсталды. Тергеу мәліметінше, сатып алушыларға Қытайдан әкелінетін ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылған, бірақ төлем жасалғаннан кейін тапсырыс жеткізілмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не белгілі?
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, сатушы Instagram желісінде түрлі тауардың, соның ішінде ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканың жарнамасын жариялаған. Өнімді жарнамалау үшін бұл іске танымал аккаунттың иесі тартылған.
Жарнамада тауарлар бар екені, олардың сапасы және Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі туралы айтылған. Қызығушылық танытқан сатып алушылар көрсетілген нөмірлер арқылы сатушымен байланысып, жеке кәсіпкердің шотына ақша аударған. Алайда уәде етілген тауарлар оларға жеткізілмеген.
Тергеу дерегі бойынша түскен қаражат жеке қажеттілікке жұмсалған. Құқық қорғау органдары ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаға ақша аударған бірнеше жәбірленушіні анықтаған.
Тергеу жүргізіліп жатыр
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша соталды тергеу басталды.
Полицияның сөзінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап, басқа да зардап шеккендер бар-жоғын тексеріп жатыр.
Ашық дереккөз мәліметінше, блогер Салтанат Аманқосова туралы сөз болып отыр. Ол Instagram парақшасында жеке өмірі туралы контент жариялап, брендтерді жарнамалайды. Сондай-ақ, оның парақшасында бірнеше жобаның амбассадоры екені көрсетілген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова