Ақтауда "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында теңіз түбі қоқыстан тазаланды. Су астындағы тазалық жұмыстарына әскери-теңіз күштерінің сүңгуір қызметі жұмылдырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Экологиялық акция аясында сүңгуірлер су астында 10-15 метр тереңдікте жатқан қоқысты тазалады. Сүңгуірлер өзімен бірге су астына қоқыс салатын қапшықтарын алып түсті. Өткен жолы теңіз түбін тазалағанда 10 қап қоқыс шыққан еді, осы жолы 12 қап қоқыс шықты.
Акция аясында үш сүңгуір Каспий теңізінің 250 шаршы метр аумағын қоқыстан тазалады.
Сүңгуірдің бірі Сайран Әбдікәрімов ҚР Әскери-теңіз күштерінде 9 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Әскерилер тазалық акцияларын әрқашан қолдауға дайын екендігін жеткізді.
-Теңіз түбінде көбіне пластмасса, пакет, баклажка, темір-терсек жатады. Бүгін экологиялық акция аясында сүңгуірлер болып теңіз тазалығына өз үлесімізді қосып жатырмыз. Тұрғындарды теңіздегі тазалықты сақтап, жағалауға демалысқа келгенде қоқыс-қалдықтарды суға тастамауды сұраймыз, - деді 2901 әскери бөлімінің әскери-теңіз күштері сүңгуір қызметінің бастығы Сайран Әбдікәрімов.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!