Ақтауда прокуратура шығарған актіні уақытылы қарамаған шенеунікке айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маңғыстау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірлік әділет департаментінің орынбасары қадағалау органының актісін уақытылы қарамағаны үшін сот қаулысымен 8 АЕК көлемінде айыппұл төлеу түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс прокурордың ұсынуымен қарау мерзімін реттейтін "Прокуратура туралы" Конституциялық заңының талаптарын өрескел бұзғаны үшін қозғалды.
"Атап айтқанда, лауазымды тұлға заңда белгіленген мерзімге қарамастан, қалалық прокуратураның ұсынуын бір айдан астам уақыт бойы тиісінше қарау жөнінде шараларын қабылдамаған. Прокуратураның талабынан кейін ұсынудың қарау қорытындысымен 8 жеке сот орындаушы тәртіптік жауаптылыққа тартылды, мемлекет кірісіне 11 млн теңгеден астам қаржы өндірілді. Мемлекеттік қызметкер өз кінәсін толық мойындап, салынған айыппұлды төледі", - делінген хабарламада.
Прокуратура актілерін қарамау, сол сияқты тиісінше қарамау, орындамау не прокурордың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келетіндігі ескертіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!