Бүгін, 29 қарашада, Ақтау қаласындағы бірқатар сайлау учаскесінде мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға орай дауыс беруге келген тұрғындарға арнап мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, кейбір сайлау учаскелерінде асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, арқан тарту сияқты ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Қала тұрғындары дәстүрлі ойындарға қызығушылық танытып, өзара бақ сынап, шеберліктерін көрсетті.
Ұлттық ойындар тұрғындардың басын қосып, ептілік пен тапқырлықты талап ететін сайыстарда өз қабілеттерін танытуға мүмкіндік берді. Асық ату мен ләңгі тебу мергендік пен шапшаңдықты қажет етсе, тоғызқұмалақ ойыншылардың ойлау қабілеті мен зеректігін шыңдайтын ұлттық ойындардың бірі саналады. Ал арқан тарту сайысы қатысушыларды ұйымшылдық пен бірлікке баулиды.

Сонымен қатар сайлау учаскелерінде концерттік бағдарламалар ұсынылды. Жергілікті өнерпаздар ән шырқап, дауыс беруге келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қала тұрғындары өнерпаздардың өнерін тамашалап, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Мәдени бағдарламалар қала тұрғындарына дауыс бергеннен кейін уақыттарын мазмұнды өткізуге мүмкіндік берді. Жергілікті әншілердің өнер көрсетуі сайлау учаскелеріне мерекелік рең беріп, жиналған жұрттың көңілін көтерді.

"Бүгін Ақтаудағы сайлау учаскелерінде ерекше атмосфера қалыптасқан. Мен де сайлау науқаны кезінде учаскелердің біріне келіп, ән шырқадым. Қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлай алдым деп ойлаймын. Барша ақтаулықтарды дауыс беруге шақырамын", - деді әнші Ақмарал Арғынқызы.

Ұлттық ойындар мен концерттік бағдарламалар сайлау күніне ерекше дем беріп, тұрғындардың көңіл күйін көтерді. Мұндай шаралар ұлттық спорт түрлерін насихаттауға, дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылықты арттыруға және ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған.
Сонымен бірге, ұлттық ойындарды көпшілік арасында кеңінен танытудың ұрпақ тәрбиесінде де маңызы зор. Осындай шаралар арқылы жастар халқымыздың төл мәдениетімен жақынырақ танысып, дәстүрлі ойындардың ерекшеліктерін біле алады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған материал
Massaget.kz