Ақтауда мектептердің бірінде 10 және 11-сынып оқушылары арасында төбелес шыққан. Екі оныншы сынып оқушысы аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген, олардың бірі ауруханаға жатқызылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 5 қазанда №1 жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру сабағы кезінде болған. Зардап шеккендердің бірінің анасының айтуынша, ұлы сыныптастарымен футбол ойнап жүрген. Сол алаңда 11-сынып оқушылары да болған.
Әйелдің сөзінше, ойын барысында оның ұлы мен жоғары сынып оқушыларының бірінің арасында келіспеушілік туындаған. Анасы ұлы бірінші болып ұрғанын жоққа шығармайды. Дегенмен, оның сөзінше, оған дейін 11-сынып оқушысы ұлын арандатып, қоқан-лоқы жасаған.
Әйелдің айтуынша, бірінші соққыдан кейін оқиғаға басқа да 11-сынып оқушылары араласып, ұлын жабылып ұра бастаған. Әйел ұлына сыныптасы араша түскенін айтты. Салдарынан ол да соққыға жығылған.
Екі оныншы сынып оқушысы төбелестен кейін аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер олардың бірін ауруханаға жатқызған. Анасының айтуынша, ұлы қатты зардап шеккен.
"Ұлым төбелес кезінде бірнеше рет есінен танған. Бірақ бұл оларды тоқтатпаған", - деді әйел.
Анасының айтуынша, оқиға болған кезде дене шынықтыру мұғалімі сабақта болған. Алайда, әйелдің сөзінше, мұғалім жанжалды тоқтата алмаған.
Ақтау қалалық білім бөлімі бұл жайтты растады. Ведомство мәліметінше, жоғары сынып оқушылары арасында түсінбеушіліктен жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Оқушылардың ата-аналары әкімшілік жазаға тартылып, оларға айыппұл салынған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!