Ақтауда полицейлерді қорлаған жасөспірім сот алдында жауап берді

Маңғыстау облысында полицейлерді қорлаған видеосын TikTok әлеуметтік желісіне жариялаған жасөспірімге қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Іс материалдарына сәйкес, полицейлер кәмелетке толмаған А-ны мемлекеттік нөмірсіз мотоцикл басқарғаны үшін ұстаған. Ұстау сәтінде ол құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын балағат сөздер айтқан, болып жатқан жайтты видеоға түсіріп, TikTok-қа жариялаған.

Мемлекеттік айыптаушы жасөспірімге жаза ретінде 30 сағат қоғамдық жұмыстар тағайындауды ұсынды. Жәбірленуші полиция қызметкері де заңда көзделген жазаны тағайындау туралы талапты қолдады. Жасөспірім кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, соттан жазаны жеңілдетуді сұрады. Оның қорғаушысы да айыпталушының ұстанымын қолдады.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот кәмелетке толмаған А.-ны ҚР ҚК 378-бабының 2-бөлігі (Билік өкілін қорлау) бойынша кінәлі деп танып, оған 30 сағат қоғамдық жұмыстар түрінде жаза тағайындады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!