Сот шешімімен Phystech II АҚ-ның талап-арызы қанағаттандырылды, жұмысшылардың ереуілі заңсыз деп танылды. Бұл туралы Түпқараған аудандық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды "Лада".
Бұл кәсіпорын қызметкерлері 2022 жылдың 15 желтоқсанында сағат 11.30-дан бастап Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында орналасқан "Солтүстік Қаражанбас" кен орнында жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіп, ереуіл жариялап, жұмысын тоқтатқан.
Артынша, Phystech II АҚ жұмысшылар шеруін заңсыз деп тану туралы талаппен Түпқараған аудандық сотына жүгінген.
Сот жұмысшылар шеру өткізу кезінде ҚР Еңбек кодексінің 16-тарауының еңбек дауларын реттеу талаптарын бұзғанын анықтады.
Атап айтқанда, Phystech II қызметкерлері еңбек арбитражының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы шешімін орындамай, шеру өткізуге тыйым салынған өндіріс орнында заңсыз митинг өткізген.
"Сот шешімімен Phystech II АҚ-ның талап-арызы қанағаттандырылды, жұмысшылардың шеруі заңсыз деп танылды. Сот шешімі тараптарға түсіндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ", - деді соттың баспасөз қызметіндегілер.
Ал ереуілге шыққан мұнайшылар жалақыны көтеруді талап етіп, әрі қарай да сонда тұруға ниетті екенін жеткізді.
"Суықта сегізінші күн тұрмыз, ауа температурасы нөлден төмен болса да, басшылық бізді естігісі келмейді, талап-тілектеріміз еленбейді. Тіпті әкімдіктен де ешкім келмеді, бізбен сөйлескен жоқ. Биліктің бізді тыңдап, еңбек дауымызды шешкенін қалаймыз", - дейді ереуілшілер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!