Ақтауда мұнай саласына арналған премиум санатындағы газды-герметикалық бұрандалы бөлшекті құбырларды кескіндейтін зауыт ашылды. Өндіріс орны «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тенарис Глобал Сервисез» итальяндық компаниясымен салынған кәсіпорын «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Теңгізшевройл» компанияларын құбыр бөлшектерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Қазақстанның ірі кенорындарындағы мұнай-газ жобаларына коммерциялық, техникалық, инженерлік және логистикалық қолдау көрсететін болады.
- Жылдың соңына дейін «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында тағы бір нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарының ашылуына және Маңғыстау тұрғындарының кәсіби маман ретінде өсуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұл жоба шетелдік инвестицияны тарту арқылы Елбасының тапсырмасын тікелей жүзеге асыру, - деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов.
Әзірге бұл республика бойынша газды-герметикалық бұрандалы бөлшекті құбырларды кескіндейтін жалғыз зауыт. Жобаның құны 12 млрд. теңгені құрап отыр. Зауыт жылына 45 мың тонна өнім дайындап шығарады.
Тенарис компаниясының Президенті әрі Төрағасы Паоло Рокка мырзаның айтуынша, шығарылатын өнім жоғары функционалды және бұрғылау кезінде кезігетін ең ауыр шарттарға сай қызмет етеді. Сондай-ақ, аталмыш компания дайын өнімнің 20%-ын Ресей және Еуропа елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.
Қазір жаңа кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді. Зауыт толық қуатына жеткен кезде тағы 50 адам жұмыспен қамтылады. Қызметкерлердің 95%-ын жергілікті тұрғындар құрайтын болады.