- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтауда мұнай-газ компаниясының...
Ақтауда мұнай-газ компаниясының лауазымды басшылары сотталды
Ақтау қалалық сотында "Өзенмұнайгаз" АҚ-на қарасты құрылым басшысы мен сервистік компания жетекшісіне қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотта сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденіп, ұрлағаны үшін айыпталған "Ақтау мұнай сервистік компаниясы" ЖШС-нің директоры Б. мен "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ның № 3 мұнай-газ өндіру басқармасының директоры С.-ға қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс қаралды.
Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, бірқатар жайттар анықталып отыр. Оның ішінде 2018 жылдың 31 мамырында "ӨзенМұнайГаз" АҚ мен "Ақтау мұнай сервистік компаниясы" ЖШС-і арасында 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болған ұңғымаға сорғыны қысу құбырын электрцентрифугалық сорғыны орнатуға арналған толық жабдықты жалға алу бойынша қызметтер көрсетуге келісім жасалған.
Бірақ шығынға ұшырағысы келмеген сервистік компанияның басшысы Б. шарт талаптарын бұзып, сорғыны қысу құбырын сатып алмағаны белгілі болды.
"Күдікті Б. оның орнына 2020 жылғы қаңтарда жалдамалы себептерден, сондай-ақ, шарт талаптарын бұзу деректерін жасыру және тапсырыс берушінің "Ақтау мұнай сервистік компаниясы" ЖШС-ға айыппұл салуына жол бермеу мақсатында тапсырыс берушіге тиесілі сорғыны қысу құбырын пайдалану және жабдықтарды жалға алу үшін негізсіз төлем алу арқылы "ӨзенМұнайГаз" АҚ қаражатын ұрлауға бағытталған қылмыстық жолға барған. Жеке мүддесін көздеген күдікті Б. "Ақтау мұнай сервистік компаниясы" ЖШС Жаңаөзен филиалының директоры И. арқылы № 3 мұнай-газ өндіру басқармасының директоры С.-дан сорғыны қысу құбырының қажетті көлемін "Ақтау мұнай сервистік компаниясы" ЖШС-ге босатуға келісім алған", — деп жазылған соттың хабарламасында.
Сондай-ақ, айыпталушылар Б. және С-ның бiрлескен заңсыз iс-әрекеттерiнiң бойынша 2020-2021 жылдар аралығында "Өзенмұнайгаз" АҚ "Ақтау мұнай сервистік компаниясы" ЖШС-ге 108,4 млн. теңге сомасында 2308 дана сорғыны қысу құбырының қаржысы мен оларды жалға алу үшін 21,7 млн. теңге сомасын ұстап қалмай, толық төлем жасаған.
"Осылайша, Б.-ның заңсыз иемдену арқылы ұрлап, өз қалауы бойынша кәдеге жаратуы нәтижесінде, "ӨзенМұнайГаз" АҚ атынан мемлекетке 130 108 118 млн. теңге көлемінде аса үлкен көлемде шығын келді. С. және Б. ортақ мүддеге сай әрекет ете отырып, "Ақтау мұнай сервистік компаниясы" ЖШС-нің "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ға тиесілі сорғыны қысу құбырын пайдаланғанын біле тұра, тиісінше сорғыны қысу құбырын жалға алу сомасы мен олардың құны шарт сомасынан алып тастап, әдейі қандай да бір шаралар мен іс-әрекеттер жасамай, ұсынылған жұмыстар туралы актілерге толық құнына қол қойған", — деп мәлімдеді қалалық соттың баспасөз қызметі.
Осының негізінде күдікті С. "ӨзенМұнайГаз" АҚ-на 130 108 118 млн. теңге көлемде материалдық залал келтіргені белгілі болды.
Сот барысында прокурор екі күдіктіні кінәлі ретінде танып, олардың әрқайсысын 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілі прокурордың сұранысына қолдау білдірді. Дегенмен сотта Б. кінәсін мойындаудан бас тартып, ақтау үкімін шығаруды сұрады. Ал екінші күдікті С. кінәсін ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды алға тартты. Сотталушылардың кінәсі тиісті материалдармен дәлелденіп отыр.
"Сот үкімімен С. ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оны белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Б-ға мұнай-газ саласы саласындағы коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды", — деп жазылған соттың хабарламасында.
Бұдан бөлек "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның азаматтық талап қоюы қанағаттандырылып, сотталған Б. мен С-дан компания пайдасына 130 108 118 млн. теңге өндірілді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы