Адвокат Ақтауда мүгедектігі бар 18 жастағы жігітке зорлық-зомбылық жасалғанын айтты. Бұл ақпаратты Маңғыстау облысының Полиция департаменті растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жай
Ажар Әбділ жазбасында мүгедектігі бар жігіт 2024 жылғы 27 желтоқсанда ұрланып, зорланғанын мәлімдеді. Жәбірленушінің анасы бірден полицияға арыз жазған.
"Әлі күнге дейін қажет сараптамалар тағайындалмаған. Қала орталығынан ақ түсті джип қорғансыз адамды алып кеткені анық көрінетін бейнебақылау жазбалары алынбаған, бұл көліктің қозғалыс бағытын қадағалау қиындық туғызбайды. Жазбалар екі ай сақталады, бұл - факт. Оқиға хронологиясын қалпына келтіру қиын емес. Өйткені жәбірленушіні тура қала орталығынан көлікпен алып кеткен... Бірақ сонша камера бола тұра, күдікті әлі анықталмағаны таңғалдырады. Сараптамалардың тағайындалуы туралы тіпті айтпай-ақ қояйын", – деп жазды адвокат.
Полиция пікірі
Маңғыстау облысының Полиция департаменті бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Барлық қажет сараптама тағайындалды. Іс полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды. Тергеу жалғасып жатыр", - деп хабарлады ведомство өкілі.
Бұған дейінгі оқиға
Еске салайық, былтыр мамырда ақтаулық фитнес тренер өзіне-өзі қол жұмсағаны хабарланды. Қайғылы жағдайға дейін бірнеше күн бұрын ол ауыр қылмыстың құрбаны болған. Мефедрон қолданған бейтаныс ер адамдар оған шабуыл жасап, ұрлап әкетіп, соққыға жыққан, кейін зорлап, екі миллион теңге көлемінде несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.
Кейін Ақтаудағы жантүршігерлік іс бойынша басты айыпталушы өмір бойына сотталды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова