- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтауда мемлекеттік қызметкерге...
Ақтауда мемлекеттік қызметкерге торт пен сертификат берген балабақша директорларының басы дауға қалды
Ақтауда жекеменшік балабақшалардың директорлары мемлекеттік қызметкерге сыйлық бергені үшін жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтауда 26 жекеменшік балабақшаның басшылары ақша жинап, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысына сауда үйінен 40 мың теңгеге сертификат пен торт табыс еткен. Білім бөлімінің басшысы осы жайтты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарлаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының Маңғыстау облысы бойынша бірінші орынбасары Біржан Хайруллин мәлімдеді.
Шенеунікке сыйлық беруге тырысқан 25 балабақша директоры бірден кінәсін мойындаған, оларға айыппұл салынған. Ал бір директор сотта кінәсіздігін дәлелдеуге тырысты.
"25 директорға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 676-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, олардың әрқайсына 345 000 теңгеге айыппұл салынды. Бір директор өз кінәсін мойындамады, соның салдарынан әкімшілік іс сотта қаралып, ол кінәлі деп танылып, 483 000 теңге көлемінде айыппұл төледі", - деді Біржан Хайруллин.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова