Ақтау әкімінің орынбасары Тілек Нұрпейісовтің төрағалығымен өткен штаб отырысында мамырдан бастап жаз бойы қалаға ыстық су беруді тоқтату туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Судың ұзақ уақытқа тоқтатылуы жылу құбырларын ауқымды қайта құрумен байланысты болмақ. Мамандардың айтуынша, бұл - мәжбүрлі шара.
"Алдағы 2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымына сапалы дайындық үшін "Ақтау қаласының магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту және салу" жобасы аясында "МАЭК" ЖШС меншігіндегі желілерді ауыстыру бойынша ауқымды жұмыстар басталды. "МАЭК" ЖШС келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және бұл шаралар қала тұрғындарының жайлылығын қамтамасыз ету үшін қажет екенін түсінуіңізді сұрайды", - делінген хабарламада.
Компания әзірге ыстық су мамырдың қай күні тоқтатылатыны айта алмайды. Дегенмен, тұрғындарға 22 сәуірден бастап ыстық су болмайтынын ескертті.
"22-26 сәуір аралығында "МАЭК" ЖШС құбырлардың ақаулы учаскелерін анықтау үшін жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізіп жатыр. Бұл шаралар жылу желілерінің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы кезеңнен кейін тестілеу кезінде бұл ақаулар түзетіледі. Ал 1 мамырдан бастап жылу магистральдық құбырын қайта жаңғыртуды бастау жоспарланып жатыр", - деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде Ақтауда сәуірдің 22-сі мен 26-сы аралығында ауызсудың тоқтатылатыны туралы ақпараттар да таралып жатыр. Электр станциясының айтуынша, бұл - жалған хабарлама.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!