Ақтауда қызды аяусыз ұрып тастаған күдікті қамауға алынды

Ақтауда қыз баланы аяусыз ұрып тастаған ер адам қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтау қаласының полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деп күдіктелген ер адамды анықтап, ұстады.

Прокуратураның нұсқауы бойынша күдікті Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы іс бойынша тергеу жалғасуда, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде ер адам қызды аяусыз ұрған видео тараған болатын. 

Желідегі ақпаратқа сүйенсек, оқиға Ақтаудағы дәмхананың алдында болған. Кадрларда ер адам қызға қол көтеріп, жерге құлатқаны көрінеді. Кейін оқиға куәгерлері қызға ара түскенімен, ер адам оны алып кетеді.

"Қыздың ерні жыртылып, көзі ісіп, денесі көгеріп, өлім аузынан қалған. Құрбыларының айтуынша, жігіт бірнеше айдан бері қыздың ізінен қалмайды, аңдиды. Жәбірленуші талай арыз жазғанымен, полиция ешқандай шара қолданбайды, себебі ол жігіттің органдарда жұмыс істейтін досы бар екен. Жәбірленуші қыздың құрбыларына шығып та қорқытқан", - деп жазылған әлеуметтік желідегі топтардың бірінде.

Жәбірленуші әлеуметтік желідегі парақшасында бұл соққыға жығылып тұрған бірінші жағдай емес екенін жеткізді.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің жауабына сүйенсек, патрульдік экипаж бұзақылық әрекеттің алдын алған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!