- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтауда қыз баланың...
Ақтауда қыз баланың басына футбол қақпасы құлады: оған пластикалық ота жасалатын болды
Ақтауда басына футбол қақпасы құлаған 11 жастағы қыздың бетіне пластикалық ота жасалатын болды. Жасөспірімнің әжесінің айтуынша, мердігер компания басшысы немересінің еміне және отасына көмектесетінін жеткізген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тамара Бөлтікованың айтуынша, оқиға 24 қазанда сағат 18:00-де болған. Немересі Әнелдің үйден шыққанына 15 минут болмай-ақ, басына қақпа құлапты.
"Ала қан болды. Абырой болғанда жедел-жәрдем лезде келіп, ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер қызымның жанын сақтап қалды", - дейді ол.
Дәрігерлер Әнелге жарты жылдай күтім мен пластикалық ота жасау керегін айтқан.
"Дәл үйімнің алдындағы алаң ғой. Ол жерде 3-4 жастағы балалар, спортшылар, студенттер жүреді. 21 қазаннан бастап ол жерді бұза бастады. Қоршауларын бұзып, әр жерге қалдырып кетті. Бізге ешқандай ескерту жасалмады. Мердігер 24 қазаннан бері, міне, бүгін хабарласты. "Бәріне, пластикалық отаға да көмектесеміз" деп қоңырау шалды", - дейді Тамара Бөлтікова.
Тамара Бөлтікова оқиға болған күні полицияға шағым түсірген. Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапасыз құрылыс дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Еске салайық, Ақтауда 11 жастағы қыздың басына футбол қақпасы құлап, жасөспірімнің бетінің көп бөлігін тігуге тура келді. Дәрігерлер жасөспірімнің жағдайы тұрақты ауыр екенін айтты.
"Жеткіншектің маңдай сүйегі сынған. Мидың орташа ауырлықтағы контузиясы диагнозы қойылды. Жалпы динамикалық жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта. 5 тәуліктен бері біздің бақылауда. Әлі де бір аптадай емдейміз. Сосын үйге шығарылады", - дейді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері Ербол Кенжевалов.
Сая Мәжитқызы
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан